Австралия Қытайда «хабарсыз кеткен» азаматын іздеп жатыр

0
118

Австралия билігі Қытайға барып, хабарсыз кеткен жазушы, блогер Ян Хэнцзюньді іздеп жатқанын хабарлады.

Ян бұрын Қытай дипломаты болған. Кейін Австралия азаматтығын алған және соңғы уақытта АҚШ-та тұрып жатқан. Ол блог жазып, Қытайдың коммунистік партиясын жиі сынап жүрген.

Жазушының танысы Сиднейде тұратын университет оқытушысы Фэн Чунгуйдің айтуынша, Ян 19 қаңтарда әйелі және асырап алған ұлымен Нью-Йорктен Гуанчжоуға барған.

Австралия басылымдарының жазуынша, Янның әйелі әлеуметтік желіге Пекинде екендіктерін айтып пост салған.

Австралия сыртқы істер және сауда департаменті «Қытай билігінен жоғалып кеткен азаматы туралы ақпарат сұраған». Қытай билігі жазушының жоғалуына байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Ал 23 қаңтарда Пекинде өткен брифингіде Қытай сыртқы істер министрінің өкілі Хуа Чуньин Австралия азаматының хабарсыз кеткені туралы ақпаратты білмейтінін, құзырлы органдардан сұрастыратынын айтқан.

Дереккөз: Азаттық