Ауыр атлетика бойынша әлем чемпионатында қазақстандық спортшы алтын алды

0

АҚШ-та өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 61 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар сайысында 16 жастағы қазақстандық Ақмолда Сайрамкез алтын алды.

Бұл ақпаратты Қазақстанның ауыр атлетика федерациясына сілтеме жасаған жергілікті басылымдар хабарлады.

Ол жұлқа көтеру және серпе көтеру жаттығулары бойынша 257 келі көтерген. Бұған қоса, жұлқа және серпе көтеру бойынша кіші күміс медальдарын ұтып алған.

Екінші орынды — түркиялық спортшы Юсуф Фехми Генч (254 кг), үшінші орынды — вьетнамдық Динх Санг Буй (243 кг) иеленген.

8 наурызда Лас-Вегаста басталған чемпионат 15 наурызға дейін жалғасады. Оған әлемнің елу елінен 13-17 жас аралығындағы 200-ден астам спортшы қатысып жатыр. Жарысқа Ақмолда Сайрамкезден бөлек тағы төрт қазақстандық спортшы қатысып жатыр.

Азаттық