Ауыл шаруашылық министрлігі: Біз өзімізді 85% тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз

0

Еліміз азық-түліктің негізгі түрлерімен өзін-өзі 85% қамтамасыз етеді. Алайда құс еті, шұжық, ірімшік, алма, қант және балық импортқа тәуелді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлері бойынша ішкі нарық шамамен 85%-ға отандық өндіріспен қамтамасыз етілген. Алайда құс еті, шұжық, ірімшік, алма, қант және балық импортқа тәуелді», — дейді министр.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түліктің негізгі 29 түрі бойынша ішкі нарықты қамтамасыз етуді қадағалап отыр.

Биыл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірімшік пен сүзбе өндірісі – 18,6%-ға, 45 мың тоннаға; шұжық өнімдері – 9,5%-ға, 68 мың тоннаға дейін; алма – 7%-ға 282 мың тоннаға; құс еті – 27%-ға, 282 мың тоннаға дейін; қант – 28,9%-ға, 335 мың тоннаға дейін және балық – 10,1%-ға, 71 мың тоннаға дейін өсті.