30 жылдыққа 123 миллион теңгенің медалі таратылды

0

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарын дайындауға 123 900 000 теңге жұмсалды, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілік басқармасы, жеткізуші – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы. 1 медаль үшін бюджеттен 4 956 теңге бөлінді, барлығы 25 000 дана дайындалды. Сатып алу бір көзден алу тәсілімен тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылды. Бұл туралы Goszakup turaly парақшасында жазылған.

Медаль Қазақстан Республикасының дамуына, қалыптасуына және егемендіктің нығаюына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетел азаматтарын мадақтау, сондай-ақ 30 жылдық мерейтойын мерекелеу мақсатында жоспарланған.

Мерейтойлық медальмен марапаттауға Қазақстан Республикасының Президентіне Парламент, Үкімет, Қазақстан Республикасының министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдары ұсынады.

Марапаттау ережелерін талқылау «Ашық НҚА» порталында 2021 жылдың 25 наурызына дейін өтті, ал Ереженің өзі 29 сәуірде жарияланды.