Ауғанстанда президент сайлауы кейінге шегерілді
Ауғанстанда 2019 жылы сәуірде өтуі тиіс президент сайлауы маусым айына шегерілді. Бұл туралы Ауғанстан сайлау комиссиясына сілтеме жасаған France-Presse агенттігі хабарлады. Сайлауды кейінге шегеруге кандидаттардың кеш тіркелуі және дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері себеп болған.
Президенттікке кандидаттарды тіркеу 22 желтоқсанда ашылған. 2 қаңтарда аяқталуы тиіс. Сайлау комиссиясының төрағасы Заби Садаттың айтуынша, тіркеліп жатқан кандидаттардың саны аз.
Сайлау комиссиясы 2018 жылы қазанда өткен парламент сайлауының дауыстарын әлі санап біткен жоқ. Сайлау кезінде «Талибан» шабуылы жиілеген. Қазір Ауғанстан билігі «Талибан» қозғалысымен келісімге келуге тырысып жатыр.
Дереккөз: Азаттық