Атыраудағы Жайық өзенінен 5 тонна өлі балық жиналды

0
100

2018 жылғы 22 желтоқсан 14:50 344

Атыраудағы Жайық өзенінен 5 тонна өлі балық жиналды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау мақсатында тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда өңірде ведомствоаралық комиссия балықтың қырылу себептерін анықтауға кірісіп кетті. Онымен қоса, қырылған балықты жинау жұмысы жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 5 тонна өлі балық жиналды», – деп мәлім етті ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау комитетінің баспасөз қызметі.

Комитет мәліметінше, өзен суынан аммиак табылды деген ақпарат жалған. Негізі аммиак судан емес, балықтан табылған.

Еске сала кетейік, Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу себебін анықтау үшін өзенге су ағызатын 4 кәсіпорын тексеріліп жатыр. Атырау облыстық экология департаменті бас мемлекеттік инспекторы Қайратқали Хайрулланың айтуынша, мамандар «Атырау Су Арнасы» МКК, «Атырау ТЭЦ» АҚ, «Бекіре балығын өсіретін Орал-Атырау зауыты» мен «Атырау бекіре балығы зауытын» тексеруде.

Бұдан бұрын Атырауда Жайық өзеніндегі балықтардың неден қырылғаны айтылған болатын.

«Жайық өзеніндегі өлген балықтың сынамасын зертханада талдаудан өткізгенде, одан аммиак табылды. Қазіргі таңда бұл заттың өзенге қалай түскені анықталып жатыр», – деп хабарлады ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиев.

Автор: А.Соколов

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz