Атырау – инвесторларға тартымды аймақ

0
84

Мұнайлы аймақ әлемнің 50-ден астам елімен тұрақты қа­рым-қатынас орнатқан, соның нәтижесінде 1 мыңнан астам бірлескен және шетел кәсіп­орындары құрылып, жұмыс істеп жатыр. Қазан айында Аты­рауға жұмыс сапарымен келген Ин­вестициялар және даму вице-ми­нистрі Арыстан Қабекенов: «Елі­міздің инвестициялық саясаты инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Өткен жылы 20,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіне салынған қаражат еселеп артты. 2020 жылға дейін 658 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс», – деген еді.

Индустрияландырудың екін­ші бес­жыл­дығында да қолға алын­ған жобалар­дың игілігін ел кө­ріп отыр. Ендігі мақсат – елі­мізде келер жылы өңдеу өнер­кәсібі экспортының құн­дық көлемі өсімін – 19, еңбек өнім­ділігін 22 пайызға өсіріп, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 4,5 трлн теңгеге жеткізу. Бұл ба­ғытта Атырауда қолға алынып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Негізінен мұнай-газ өндіру саласы басымдыққа ие болғанымен, құрылыс, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдерін өн­діру, химия өнеркәсібі бойынша да ілкім­ді істер бар. Өңірде басқа салаларда да жақсы жобалар жүзеге асуда.

Шетел инвесторлары Аты­рау облы­сына ерекше қызы­ғу­шылық танытады. Облыстық мәслихаттың кезекті сес­сия­сын­да аймақ басшысы Нұрлан Но­ғаев 2019 жылға дейін 31 инвестициялық жоба іске асырылып, 3635 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отырғанын хабарлады. Бұл өз кезегінде өңірдің өнді­рістік әлеуетіне тың серпін беріп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­дус­триялық-инновациялық даму басқар­масының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, биыл қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар 2 692,1 млрд теңге болған. Жыл сайын өңір экономикасына инвес­тиция тарту мақсатында «ATYRAU INVEST» халықаралық инвестициялық би­знес-форумы өтеді. Сондай-ақ, «Global Oil&Gas Atyrau» Сол­түстік Каспий аймақтық мұ­най және газ көрмесі және «Atyrau Build» Солтүстік Каспий ай­мақ­тық құрылыс және интерьер көрмесін де жыл сайын ұйым­дастыру дәстүрге ай­налды.

«Бір терезе» қағидасы бойынша ақпараттық-талдау және сервистік қол­дау, отандық және шетел инвесторларына сапалы және жедел көмек көр­сету мақсатында өңірде «Атырау Innovations» ЖШС құрылды. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ» да осы бағытта қызмет көрсетіп отыр. Өңірдің инвестициялық қыз­метіне байланысты пробле­малық мәселелерді жедел шешу үшін Атырау облысы әкім­дігімен «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақ­­сарту жөніндегі» өңірлік кеңес құрыл­ған. Кеңес құрамында мем­лекеттік орган­дардың, қоғам­дық бірлестіктердің басшылары, шетелдік компаниялар, ше­тел елшіліктерінің өкілдері бар. Мұ­ның бәрі – Атыраудағы инвести­циялық ахуал­дың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ба­ғытталған шаралар.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ