Аталы сөз айтатын аға газет

0

Есікті Айекеңнің өзі ашты. Тоқсанды еңсеріп тастаса да, белі бүгілмеген, еңсесі түспеген ширақ қалпында. 

Төргі бөлмеге оздық. Жазу үстелінің үсті қобыраған қағазға толы. Әрқилы кітаптар, күнделікті газет-журналдар. Ең үстіндегі «Egemen Qazaqstan» көзімізге оттай басылды.

Менің газет-журналға назар аударғанымды аңғарған болуы керек, сәл жымиып күлді де:

– Әлі де жазу-сызудан, оқудан қол үзген жоқпыз,–деді Айекең, – кейде өткен өмір соқпақтарын көз алдыма елес­тетіп, көкіректің терең бір түкпірінде жатқан, уақыт шымылдығымен тұмшаланған жайларды қайта жаңғыр­тып, күнделік жазған боламын. Атқа мініп жүрген кезімізде талай жақсы-жайсаңмен жолдас болдық қой. Осы күні солардың көбі өмірден өтіп кетті. Кейінгіге өнеге болсын деп өмірлерінің ғибратты тұстарын маржан тергендей екшеп жазғым келеді. Бірақ қайрат кеміген соң қалам да ынтаға илікпейді екен ғой.

Айдархан Темірбаев ақсақал заманында екі бірдей аудан­дық газеттің редакторы болған адам. Жайғасып отырғаннан кейін әңгіменің ау-жайы басылым жайына ауысты. Онда да шыға бастағанына жүз жыл толғалы отырған «Egemen Qazaqstan» газеті тақырыбына.

– Қазір газет өте мазмұнды шығып жатыр. Мен жиырма беске толар-толмаста Зеренді аудандық «Социалистік жол» га­зетінің редакторы болып тағайындалдым. Аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бек­тұр­ғановтың ұсынуымен. Одан соң сол кездегі Көкшетау облысының жер көлемі жағынан ең үлкен ауданы – Қызылтуда аудандық газеттің редакторы болып тағайындалдым. Сөз өнері, оның ішінде кез келгенге жалынан сипатпайтын журналистика өте қиын өнер. Үйренуден жалықпадық. Аудан журналистері облыстық, республикалық басылымдарға қарайлайды. Ол кезде шынын айтқанда, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің тілі тым ресмилеу болатын. Әлгі «СҚ-ның тілі сықиып тұрады» дей-тұғын әзіл сөздің шығуына себеп болған сол жайт еді ғой. Қазіргі «Егеменмен» салыс­тыру­дың өзі қиын. Уақыт алға жылжыған сайын газеттің де түрленіп, мазмұны байып, өзгеруі заңды. Сөз арасында «Егеменнің» соңғы кезде адам тұшынып оқитын газетке айналғандығын айта кетсек те артық болмас. Әсіресе «Тіршілік түйткілдері», «Ізгілік иірімдері», «Қаз-қалпында» айдарларымен берілетін материалдары қандай тамаша?! Содан кейінгі бір жай «Мүмкіндігі шектеулілер мүмкіндігі» айдарымен берілетін материалдарды оқығанда, көңіліңнің арғы түкпіріндегі бұйығып жатқан сезімдер оянып, әрі-сәрі күйге түсесің. Мына заманда он екі мүшесі сау кейбір адамдар екі қолына бір күрек таба алмай дағдарып жүргенде, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған кембағалдардың өмірдің өкпек желіне бой бермей, қайта алға ұмтылуы таңғалдырады. Еріксіз риза боласың. Мен солай екенмін-ау деп біреуге қол жайып отырмай, өз бетінше тырбанып тірлік істеуі қандай ғанибет. Бұл тамаша мысал емес пе?! Мүгедектердің өзі мүмкіндігінше тірлік істеуі өзге жұрттың да намысына тиіп, жігерін жанымай ма? Меніңше, бұл сол үшін қажет. Осыны газет басшылары дұрыс аңғарып отыр. Қазір аға газет елді жақсы істердің негізінде ұйыстырып, соған насихатшы болып, жол сілтеп жүргендігі жарасымды.

Қарт журналистің қадау-қадау ойын қалпынша, шып-шырғасын шығармай жазып алуға тырыстық. Әсіресе елмен бірге есейіп, ел қамын жеп, жұрт жайын ойлаған жақсы басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі деңгейін құптаған, қуат­таған лебізі қандай?! Бұл жүзге толға­нымен жалыны жастың қуатын­дай басылымның болашағына деген сенім!

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/