Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын — Тоқаев

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Бұл туралы Президент ҚХА отырысында айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», — деді Тоқаев.

Президент референдум маңызды демократиялық институт екенін, бірақ Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы, қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін айтты.

«Одан кейін «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң қабылданды, бірақ ол әлі күнге дейін қолданысқа енген жоқ. Содан бері Конституцияға төрт рет түзетулер енгізілді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын», — деді Тоқаев.

Еске салайық, Қазақстанда жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді. Екеуі де 1995 жылы. Сәуірде халық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзартты, ал тамызда жаңа Конституцияны қолдады.

Республикалық референдум – Конституция, конституциялық заңдар, заңдар және мемлекеттiк өмiрдегі өзге де маңызды мәселелерге қатысты шешiм жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беру.

Референдум бүкіл ел бойынша өтіп жатыр. Референдум нысаны: Конституцияны, конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу; республиканың мемлекеттік өміріндегі басқа да маңызды мәселелерді шешу.