Астанада Тәуелсіздік күніне орай жүзуден «ASTANA OPEN» ашық республикалық турнирі өтті

0

Астанада Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жүзуден «ASTANA OPEN» ашық республикалық турнирі өтті.

Турнир қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ашық біріншілік 2007, 2008, 2009, 2010 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтуде. 

Чемпионаттың ашылу салтанатында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

-«Ел астанасында биылғы жылдың басынан бастап Тәуелсіздік мерекесіне арналған халықаралық деңгейдегі, республикалық, қалалық әрі аудан көлемінде 100-ге жуық түрлі іс-шара өткізілуі жоспарланған болатын. Соның, міне, бірегейі – бүгінгі жүзуден өтіп жатқан республикалық турнир. Мереке қарсаңында осындай іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат — өскелең ұрпаққа Тәуелсіздікті дәріптеу, спортты насихаттау. Тәуелсіздік – біздің мемлекетіміздің еркіндігі. Сіздерді барлық қазақстандықтар үшін ең маңызды болып саналатын еліміздің басты ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қатысушыларға бүгінгі жарыстың жақсы деңгейде өтуіне тілектеспін», — деді Астана қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, додаға қатысуға алты қаладан 430 спортшы тіркелді. Қатысушылар әртүрлі қашықтықта бақ сынайды. Олар жүзудің төрт жас деңгейінен және төрт түрінен сынға түседі. 50 метрден бастап, үш қашықтық бойынша өзара жарысады.

Айта кетейік, біріншілік қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.

-«Жарысқа қатысушылардың ең кішісі – 8 жаста. Турнирдің мақсаты – жүзу спортын дамыту, спортты насихаттау. Мұндай жарыстардың көп болуы болашақта арамыздан Олимпиада чемпионы шығуына ықпал етеді деп ойлаймын. Елімізде жүзу спорты жақсы дамып келе жатыр. Әрі бұл спорт түрі денсаулыққа да өте пайдалы», — дейді жүзуден кәсіби жаттықтырушы Дәулет Ысмағұлов.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер үш күнге жалғасқан біріншілік барысында анықталады.

Жарыстың бірінші күні эстафеталық жарыс — баттерфляй, еркін жүзуден 100 метр және брасс, арқамен жүзу 50 метр ара қашықтықтар бойынша өрбиді.

Ал жарыстың екінші және үшінші күндері спорттық бәсеке керісінше тәсілмен жүргізіледі. 50 метр ара қашықтықта еркін жүзу, баттерфляй, ал арқамен жүзу және брасс 100 метр бойынша үздіктерді анықтайтын болады.

Айта кетейік, ашық біріншілікте үздік көрінген елордалық спортшылардан алдағы күндері қаланың намысын қорғайтын спортшылар жасақталмақ.