Астанада екінші ауысымдағы оқушылар үшін де сабақ болмайды

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 11:34 186

Астанада екінші ауысымдағы оқушылар үшін де сабақ болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада аяз салдарынан екінші ауысымда оқитын оқушылар үшін де сабақтар тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауа райының колайсыздығына байланысты қала мектептерінің екінші ауысымындағы 0-9 сынып оқушылары үшін сабақ болмайды», — делінген қалалық Білім басқармасының мәліметінде.

Бүгін елордада және еліміздің өзге үш өңірінде бірінші ауысымдағы оқушылар да оқымаған болатын. 

Сабақтың тоқтатылатыны туралы 109 (ұялы телефоннан тегін) нөмірі, «Smart Astana» қосымшасы, Астана қалалық Білім басқармасының www.bilim.astana.kz сайты, басқарманың әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы білуге болады.

Ақпарат бірінші ауысым үшін сағат 6.15-6.30 аралығында таратылса, екінші ауысым үшін сағат 12.15-12.30 кезінде көрсетіледі.

Ауа райының қандай жағдайында сабақтар болмайтынын еске саламыз:

Температура 25-29 градус аяз және одан төмен болса және желдің жылдамдығы 2-4 м/с асса, 0-4 сынып оқушылары үшін сабақ өткі­зілмейді.

Температура 30-34 градус және одан төмен болса, желдің жылдамдығы 2-4 м/с асқан жағдайда 5-9 сыныптар оқымайды.

10-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студент­тері үшін сабақтар аяз 35 гра­дус­қа дейін күшейіп, желдің жылдамдығы 2 м/с асқан жағдайда тоқтатылады.

Сондай-ақ жел соғып, бұрқасын болғанда көру деңгейінің төмендеуі байқалғанда 0-11 (12) сыныптарда, колледждердің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмайды.

 

 

 

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz