Арон – қайсар рухтың символы

0

Қолымдағы шағын газетті парақтап қарай берем. «Бұл газет емес – бомба ғой» — деген ой келеді. Партияның әпербақан саясаты, орыс шовинизмі, желтоқсан шындығы, ұлт азаттығы секілді бірінен бірі өткен мақалалар. Сабақ жайына қалып, газеттен бас алар емеспін. Демім жиілеп, денем бір ысып, бір суиды.

Отыз жыл ілгеріде  «Хақ» газетімен осылай танысқам. Кімнен, қалай алғаным есімде жоқ. Қаз ГУ- дің аудиторияларының бірінде қолыма үш номері тиген. Редакторының аты жөні санамда қалды, өзі Мәскеуде тұрады екен.

Арон Атабектің «Поэт — бунтарь казахский самурай» кітабының тұсаукесерінде отыз жыл бұрын санама сілкініс жасаған газеті арқылы сырттай танысқаным жадыма оралды.

Арон — сөз жоқ Махамбет, Кенесары, Әлихан, Ахметтер секілді ұлт азаттығы жолында күресте тарихта есімі алтын әріппен жазылар тұлға боп қалады. Оның өмірі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң күрт өзгерді. Сол кезде қазақтың дербес ел болуын алғаш көтерген бірден бір азамат еді. Марқұм Кәрішал Асановпен, бүгінгі көзі тірі Жасарал Қуанышалинмен идеялас серіктерге айналды

Өкініштісі бұлардың жалпы елдің сорына Назарбаевтың билігі келді. Қолдан ұйымдастырылған «Шаңырақ оқиғасында» жазықсыз жаламен 18 жылға сотталды. Қоғамдық қорғаушы ретінде бүкіл сот процесіне бастан аяқ қатысып жазбаға түсірген Жасарал аға «Сотта Аронға тағылған айыптар дәлелденбеді. Жан жақтан түсірілген бейнекадрларда бүкіл іс- әрекет қамтылған. Тек өрттен көз жұмған полиция қызметкерінің өртенетін тұсын қай кадрды қарасақ та таппадық. Бұл басқа ойға жетелейді. Және бір айтарым сотта Аронға қарсы куәлік берген ағалы — інілі Ибрагимовтер келер жылы мәлімдеме жасады. Онда органдар тарапынан ұру, қорқыту салдарынан жалған куәгер болғандарын айтты. Мүмкін арлары жібермеген болар» —  деген сөздері, өзін он бес жыл бойы кінәсіз санап келген Аронның әрекеті ақ екендігіне дәлел іспетті.

Сонымен Арон Атабек қазанның 1- інде түрмеден босап шықты. Бұл жерде шықты деген шартты сөз. Өздігінен жүре алмайтын оны билік он бес жыл бұрын түрмеге қалай зорлап тықса, енді солай зорлап шығарды. Кереғарлық?!

Аронның денсаулығы өте мүшкіл. Кітаптың тұсаукесеріне келген туыстары тіктеліп отыра алмайтынын созылып жата алмайтынын, астан тек  екі- үш шай қасық сорпаны ұрттап кері қайтаратынын айтты. Қолына тиген кітабына риза екен.

Жасарал аға бастаған қоғам белсенділері Аронды тез арада шетелге алып кету қажеттігін баса айтты.

Әлемдік тарихта елінің, ұлтының болашағы үшін билікпен күрескен  талай тұлғаларды білеміз. Нельсон Менделаны апартейдтік режим 27 жыл абақтыда ұстады. Кейін оны оңтүстікафрикалықтар ел президенті етіп сайлады. Осы секілді қуғын көрген Махатма Гандиді де айтуға болады. Бірақ оларды қудалаған режимдер мен бүгінгі қазақ билігін салыстырсақ олардыкі ойыншық болып тұр ғой. Арон Атабектің жағдайын тек фашистердің Освенцим, Бухенвальд секілді концлагерлеріндегі  тұтқындарымен бірдей көру керек. Тіптен атышулы НКВД- нің лагерлері бүгінгі қазақ түрмелерінен анағұрлым иманды  болған. Бұлай деуге Аронның әкесі Қабыш Нутышев та «халық жауы» боп ұзақ жылдар абақтыда жүрген. Кейін ақталып, Астраханның Қалмақ қырында шаруашылық басқарып, ел ағасы болған. Екі ұлына Һарун Рашидтің есімдерін телуі көзі ашық азамат екенін көрсетсе керек.

Сонымен Аронның шығу құрметіне орай қоғам белсенділері атап айтқанда «Нағыз Атажұрт» ұйымының қолдаушысы, әрі өкілі Тұрарбек Құсайыновтың демеушілігімен ақынның кітабы шықты. Сатылымнан түскен қаржы ақынның отбасына табысталады.

Отты жырлардан қанша азап көрсе де иілмеген, сынбаған қайсар рухты көреміз.

 

Махмут Қосмамбетов