Чехия президенті премьер-министрмен кездескен соң жансақтау бөліміне түсті

0
466

Чехия президенті Милош Земан жексенбі, 10 қазанда аурухананың жасақтау бөліміне түсті, деп жазады Азаттық радиосы жергілікті басылымдарға сілтеме жасап. Оқиға елдегі парламент сайлауы өткеннің ертесіне болған.

Земан қала сыртындағы резиденциясынан Прагаға жеткізілген. Видеода президенттің сұлқ жатқаны көрінеді. Земанды емдеп жатқан маман әрі аурухананың бас дәрігері президенттің жасақтау бөліміне түскенін растады. Бірақ диагнозын айтпады.

Бұған дейін 77 жастағы президенттің бауыры ауыратыны хабарланған. Қыркүйектің ортасында ол ауруханаға жатып шыққан еді. Содан кейін Земан жұрт алдына шыққан жоқ. Сайлауда да резиденциясынан дауыс берді.

Земанның денсаулығы өзіне премьер-министр әрі саяси серіктесі Андрей Бабиш келіп кеткеннен кейін нашарлаған. Сайлау қорытындысына сәйкес, Бабиштың партиясы парламентте көп орын алғанымен, өз бетінше министрлер кабинетін жасақтай алмайды.

Қазір екі оппозициялық коалиция арасында жаңа үкімет туралы келіссөз жүріп жатыр. Жаңа премьер-министрді тағайындау президенттің құзырында. Егер парламент ол таңдаған кандидатты екі рет кері қайтарса, онда бұл құқық парламент жетекшісіне өтеді.

Президент ұзақ уақыт өз қызмет міндетін атқара алмаса, парламент оны қызметінен шеттете алады.