«Әркімнің өз орны бар»: 18 жасында Шымкентке келін болып түскен актриса ол жақтың басты ерекшелігін айтты

0

«Өнер қырандары» театрының актрисасы Дана Тұрарбек отбасы, өнері мен бизнесті қатар алып жүрген санаулы әртістердің бірі. Табысты келіншек жақында авторлық киім топтамасы мен резинарт (смоладан сағат, картина, ыдыс жасау) өнерін үйрететін шеберханасын да ашты. Актриса жеке өміріндегі осы және өзге де жаңалықтары туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

— Дана, қолөнер шеберханаңыз құтты болсын. Әдемі әрі стильді жасалған екен…

Шынында жоқтан бар жасадым десем болады. Себебі, бұл жертөле болғандықтан, бұл жерде би, каратэ сияқты үйірмелер болған. Жалға алғаннан кейін, әкем құрылысшы ғой, бірігіп жасадық. Өзімнің қиялыммен жақсылап, қолмен жасадық. Барлығын алып келіп, оған диодтарды құрдық, ыңғайлы болсын, көрініп тұрсын дегендей.

Ал сахнадан өзге бұл кәсіпті ашу идеясы қашан келді?

Жалпы бұл студияны ашу ойыма карантин кезінде келді. Бүкіл өнер тоқтаған кезде, концерт бәрі тоқтаған кезде сабақ оқып алдым да, ғаламтордан зерттедім. Кейін бизнеске айналдыру мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатыстым. 583мың теңгелік грантқа көпбалалы ана ретінде, жұмыссыз ретінде қатысып, ұтып алдым. Сол кезде картиналарымды, сағаттарымды арқалап барып, емтихан тапсырдым. Кәсіпкерлікті бастау туралы оқып, сертификат алып, сосын барлық керек заттарды алып, өзімнің жиған-тергенімді қосып, осы студияны аштық. Қазіргі таңда 250-300-ге жуық шәкірт тәрбиеледік. Оның 100 шақтысы оффлайн оқыса, шамамен 200-ден астамын онлайн оқыттық. Біраз уақытқа дейін оффлайн осы жерде өзім оқытып жүрдім. Көмекші қыздарды алдым. Бірақ көбінесе қыздар өзімнен білім алғысы келіп, гастрольден келгенше күтетін болғандықтан, көмекшілерімді жұмыстан босаттым. Өзім 5 балам бар, басқа жұмыстарым бар, театрым бар, онлайн форматқа өтейік деп, қыздармен сондай шешімге келдік.

Бұл сала табыстан бөлек, релакс сияқты…

Иә, қолөнер әрдайым жоғары бағаланады. Қолыңнан іс келгені өзіңе де, айналаңа да пайда тигені өте күшті сезім да. Бұл — релакс-терапия. Қыз-келіншектер қатты шаршайды ғой. Күнделікті қайталана беретін күйбең тіршіліктен шаршағанда смоланы кұйып, өзінің ішкі-жан дүниесін сыртқа шығарып, демала алады.

Ал өзіңіз үйде бұйымдарыңызды қаншалықты жиі резинарт техникасымен сәндейсіз?

Бір техникамен екі теңіз суретін құйсаңыз екеуі екі түрлі шығады. Себебі смоладан бір зат екінші рет қайталанбайды. Жаңа үйге көшкен кезде журналға арналған үстел іздедім. Бағаларын қарасам 150-200 мың теңге деп тұр. Абстрактімен құйылып, мрамор техникасын жасаған. Шынымды айтсам, бес баламның аузынан жырып, барып 200 мың теңгеге стол алып келгім келген жоқ. Бір дүкеннен 28 мың теңгеге беті қарапайым үстел тауып алып келдім. Өзім бетін үйімдегі жиһаз, қабырғаға сәйкестендіріп, түстермен құйып, сол 200 мың теңгенің үстелін өз қолыммен жасап алдым. Келген-кеткен адамдар да қызығады. Сұранысқа өте ие.

Көпбалалы аналар жұмыс істеуге уақыт жоқ, не жұмыс жоқ деп айтады. Оның себебі не деп ойлайсыз?

Қазіргі таңда уақыт тапшы. Жұмадан жұма тез келіп қалады ғой. Егер де мақсатың айқын болса, сен оны жасауға уақыт табасың. Мысалға, менің мақсатым, осы «Өнер Қырандары» театрында өз орныңды алу, қазақ эстрадасында әртіс болу болды. Менің төрт балам бар ма, бес балам бар ма, мен гастрольге шығып жүрдім. Ол қиыншылықтың бәрі кадр сыртында қалады. Халық әдемі болып боянған түрімізді, құшақ-құшақ гүл алып, ілтипатқа бөленіп жүрген актрисаны ғана көреді. Бірақ артында ерен еңбек жатады. Тым болмағанда әйел адамның хоббиі болуы керек. Бала-шаға, тұрмыс тіршіліктен шаршағаннан кезде өзінің шаршауыңды басатын, ләззат сыйлайтын ісің болғаны абзал. Қанша баласы, қанша туысы болса да, әр әйел өз уақыттарын дұрыс қолдана білуі керек.

Актриса Дана Тұрарбек үйде қандай келін?

Мен жұлдызды келін болған жоқпын. Біз студент кезімізде шаңырақ көтердік. 18 жасымда Семейдің қызы Шымкентке тұрмысқа шықтым. Бәрін басынан бастап үйрендім десем де болады. Сәлем салу, диалект сөздер, өздеріне тән салт-дәстүр, бәрін үйрендім. Енем марқұм жақсы адам болды. Ешқашан шу шығарып былай жасадың деп ұрысқан емес. Сабырлы кісі болды. Мадияр өзі төрт ағайынды, бір қыз, үш ұл. Ол ортаншысы болса да, бірінші болып үйленді. Тұңғыш келінмін үйде. Ол кісі түңғыш ене, тұңғыш келін болған соң, біз бір-бірімізге қатты бір қиын болған жоқ. Мен керемет келін болдым, жақсы келін болдым деп айту артық болатын шығар. Оны Алла біледі. Және туған-туысқандарымыз біледі. Отау құрғанымызға 15 жыл болды ғой. Бірақ та, жеңешесі болып, «сен бар келінге сырға салуға, «жеңешесі болып сен алып түс» деп көбіне қолқа салады маған. Соған қарағанда енді бір орным бар шығар, сыйым бар шығар деп ойлаймын. Маған ұнайтыны — Шымкент өңірінде әркімнің өз орны бар. Сен келінсің бе, келінсің. Сен енесің бе, енесің, сен қызсың ба қызсың. Ол жаққа барғанда сен ажырата аласың кімнің кім екенін. Тұңғышымызды енем өсірді. Біз ол кезде студент болдық. Тұңғышымыз 12 жасқа келгенде әжесі өмірден өтті. Іштей сезсе керек, өзі зейнетақысын жинап, бриллиант сақина алып, қайын әпкеме «мүшел жасында берерсің» деп табыстап кетіпті.

Әжесінің қазасын өтпелі кезеңдегі тұңғышыңыз қалай қабылдады?

Ол үш жасына дейін әжесінің қолында болды. Екінші қызымды босанған соң, енемнің рұқсатын алып, үлкенімді қалаға әкелдік. Екі қызым бірге өссін, бір-біріне жат болып кетпесін деген ниетім болды. Әжесінің қазасы әрине ауыр тиді. Бірақ біз балаларымызды жастайынан құдайды танытып өсірдік. Яғни, біз барлығымыз Алладан келдік, Аллаға қайтамыз деп үйреттік. Әжесінің қызы ғой, бір бүйірі сол ауылға тартып тұрады. Әңгімеңізге рахмет! Отбасыңыз аман болсын!

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы