Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі Тоқаевтың жіті бақылауында — Қазақстан жаңалықтары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-да өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісін жіті бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Қытайда сотталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды елімізге қайтару мәселесі бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да талқыланып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында елімізге сапармен келген Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі Ян Цзечимен әңгімелесу барысында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтергенін айта кеткен жөн», — деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.
Қазақстан Президенті былтырғы қыркүйек айында Бейжіңге жасаған сапарында ҚХР басшылығын Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне гуманизммен қарап, оны Қазақстанға қайтару мәселесіне ықпал етуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына қытайлық әріптестерімен өзара іс-қимылдарды жалғастыруды тапсырды. Бұл іс мемлекет басшысының тұрақты бақылауында.
Бұған дейін, Ақжарқынды Қазақстанға қайтаруға болатыны жайлы айтылған еді.
stan.kz