Тоқаев Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтерді

0
7

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Президент сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына қытайлық әріптестерімен өзара іс-қимылдарды жалғастыруды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда сотталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтерді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Ол Ақжарқын Тұрлыбайды елімізге қайтару мәселесі бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да талқыланып жатқанын атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев жақында елімізге сапармен келген Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Ян Цзечимен әңгімелесу барысында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтергенін айта кеткен жөн», – деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.

Қазақстан президенті былтырғы қыркүйек айында Бейжіңге жасаған сапарында ҚХР басшылығын Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне гуманизммен қарап, оны Қазақстанға қайтару мәселесіне ықпал етуге шақырған болатын.

Оқи отырыңыз: Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды елге қалай қайтаруға болатынын айтты

«Қасым-Жомарт Кемелұлы сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына қытайлық әріптестерімен өзара іс-қимылдарды жалғастыруды тапсырды. Бұл іс мемлекет басшысының тұрақты бақылауында», – деп түйіндеді Берік Уәли.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді.
2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген болатын.

Сот үкімі өзгеріссіз қалды

2019 жылдың 27 желтоқсанында Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған болатын.

«Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды», – делінген сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында.

Отырысқа Ақжарқынның адвокаттары мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулы қатысқан. Бас прокуратура Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Ақжарқын түрмеде немен айналысады?

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.

Өткен жылы қыркүйек айында Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентінен көмек сұрап хат жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.



sputniknews.kz