Бірнеше қызметкер жұмыстан кетті: Ақтөбеде шипажайда баланы сүлгімен сабаған тәрбиешінің ісі аяқталды – Қазақстан жаңалықтары

0
9

Ақтөбеде шипажайда баланы сүлгімен сабаған тәрбиешіге байланысты комиссия қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

шипажай«Тексеру кезінде балаға күш қолдану дерегі расталды. Облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезі шипажайы бас дәрігеріне қатаң сөгіс беріліп, бас дәрігердің орынбасары жұмыстан кетті. Оқиғаға куә болған, бірақ еш шара қолданбаған медбикеге қатаң сөгіс жарияланды», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Сондай-ақ ол білім саласының қызметкерлері де жазаланғанын атап өтті. Ем қабылдап жатқан баланы ұрып-соққан екі тәрбиеші жұмыстан босатылыпты. Комиссияның тексеру жұмысынан соң психолог өз еркімен жұмысынан шыққан. Шипажайда тәрбие жұмысына жауапты қызметкер де 10 наурыздан бастап жұмыстан шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде тәрбиеші баланы сүлгімен сабағаны жайлы айтылған еді. Артынша жәбір көрген баланың жетім екендігі айтылған. Өз кезегінде қатыгез тәрбиеші жеткіншектің өзіне қатысты балағат сөз айтқанын айтып ақталыпты.

stan.kz