Ақтөбеде дін қызметкерлеріне арналған отбасылық отырыс болды

0

Ақтөбе өкілдігі «Ислам және отбасы» жылы аясында кезекті шара ұйымдастырды.

Тәуелсіздік мерекесінің тұсында «Жастық» кафесінде отбасылық отырыс өтті. Оған ақтөбелік дін қызметкерлері, қала, аудан мешіттерінің Бас имамдары мен медресе ұстаздары жанұяларымен бірге қатысты. Балаларға дейін бөлек дастархан жайылып, мерекелік көңіл-күй ескен берекелі басқосу болды.

Өкіл имам Төлеби Оспан баршасын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әр шаңыраққа Алладан амандық, береке мен татулық тілеп, дұға етті. Барша ақтөбелік дін қызметкерлеріне биылғы бірлесіп атқарған жемісті жұмыстарға рахмет айтып, ризашылығын жеткізді.

— 2018 жыл ақтөбеліктер үшін Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің Ақтөбеге жасаған сапарымен айшықталды. Сапардың нәтижесінде облыс әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, «Уақып» корпоративтік қоры арасында үш жақты меморандумға қол қойылып, бірлескен жобаларға жол ашылды. Соның ішінде, ақтөбелік дін қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне ерекше мән артылды. Қазіргі таңда жергілікті 26 имамға «Уақып» қорынан, 8 имамға діни басқарманың қажылық қорынан қайырымдылық көмек беріледі. Ақтөбелік 34 имамның қосымша жалақыларға тағайындалуы – сіз бен біздің бірлесіп атқарған жұмысымыздың жемісі, — деді өкіл имам Төлеби Дәділұлы. Сөзінің жалғасында өкіл имам атқарылған бірқатар ауқымды шараларды атап өтті. Соның ішінде, биыл Ақтөбе мешіттері 20 млн теңгеден астам қаражатқа қайырымдылық көмек көрсетіп, мұқтаж отбасыларға 18 тоннаға жуық азық-түлік таратқан. 680 баланы жаңа оқу жылына дайындады. Діни басқарма жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында облыста 30-ға жуық әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

— Бүгінгі отбасылық басқосудың бір себебі – ұжым арасындағы ұйымшылдықты ғана емес, жанұялар арасындағы жарасымдылықты, татулық пен достықты нығайту. Сіз бен біздің жұмыста жемісті, табысты болуымыздың бір үлесі – үй ішіндегі береке мен бірлікте жатыр. Ендеше, сол отбасы құндылықтарының қадіріне жете білейік. Келер жыл да жыл жақсы да жаңа бастамаларға толы, жемісті жыл болғай деп тілеймін, — дей отырып, өкіл имам мешіт қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, мешіттегі игі істерге жәрдемші болып жүрген жанашыр жандар мешіт алқасының мұшесі Қаныбек Жақсылықұлы мен кәсіпкер Рүстем Амангелдіұлына да арнайы алғыс жариялап, кәсіптеріне берекет тіледі.

Отырыс барысында ұлттық ойындар да ұлықталып, имамдар гір көтеруден күш жарыстырды. Бал тілді балғындар да бар білімдерін

ортаға салып, сұрақтарға жауап беріп, сыйлық алды. Дәстүрлі ән-күйден шашу шашылып, домбыраның қоңыр үні күмбірлеген керемет кеш болды. Барлық жанұяларға естелік сыйлықтар таратылды.

«Қамшы» сілтейді