АҚШ-тың санкциясына Түркияның жауабы қандай болмақ

0

Вашингтонның әр одақтасының қадамын қалт жібермей қадағалап отыруға ұмтылуы халықаралық алаңда көптеген шиеленіске себеп болатыны заңдылық. Бүгінде АҚШ пен Түркияның одақтық қарым-қатынасының беріктігі қатаң тексерістен өтіп жатыр

Америкалық конгрессмендер Ресейдің зениттік-зымыран жүйелерін (ЗЗЖ) сатып алып, өз аумағында орналастырғаны үшін Анкараны жазалағысы келеді. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің қарсылығына қарамастан, ел сенатының халықаралық істер жөніндегі комитеті С-400 ЗЗЖ сатып алғаны және Сирияның солтүстігіне әскермен басып кіргені үшін Түркияға қарсы санкция қарастыратын заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын Конгрестің қос палатасындағы республикашылдар да, демократтар да қолдап отыр. Сенат санкцияны мақұлдаған жағдайда, Америка президенті Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акарға, Сириядағы әскери операцияға қатысы бар басқа да тұлғалар мен ұйымдарға қарсы шектеу енгізуге міндетті. Әкімшілік, сондай-ақ, С-400 ЗЗЖ сатып алуына байланысты Анкараға да санкция жариялауға міндетті болады. Келешекте Американың қорғаныс мақсатындағы тауарлары, қызметтері мен технлогияларының кең спектрін Түркияға ұсынуға да тыйым салынуы мүмкін. Бұған дейін Вашингтон Анкараны F-35 жойғыштарын шығару және сатып алу бағдарламасынан шығарған болатын.

Дональд Трамп санкцияға қатысты ұстамды позицияны ұстанады және Анкараның іс-әрекетінің заңдылығын атап өтті. АҚШ-тың қазіргі президенті Түркия америкалық «Пэтриот» жүйесін сатып алғысы келгенін, алайда Барак Обаманың әкімшілігі одақтасына рұқсат етпегенін еске салды.

Тағы оқыңыз: АҚШ-тың жаңа зымырандары әлемге қандай қауіп төндіреді?

Түркия санкцияға жауап ретінде шара қолдануға уәде етті және заң қабылданса да, С-400 кешенінен бас тартпайтынын мәлімдеді. Геосаяси дауыл жақындап келе жатқан сыңайлы.

Америкалық сенаттың кегі

АҚШ-тың пікірінше, Ресей түрік аумағында С-400 жүйесін бесінші буындағы  америкалық F-35 жойғыш бомбалаушыларының осалдығын зерттеу үшін пайдаланады. Осыған байланысты Вашингтон Анкара АҚШ-қа сатқындық жасайды деп, Түркияға қарсы санкция салуға уәде етіп отыр. Ең алдымен, АҚШ армян қырғынын геноцид деп таныды. АҚШ сенаты 1915 жылы Осман империясында түріктер тарапынан армяндардың жаппай өлтірілуін геноцид деп танитын қарарды мақұлдады.

Түркия президенті әкімшілігінің өкілі Фахреттин Алтун: «Қарар Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа еш жақсылық әкелмейді. Ол тарихқа АҚШ конгресінің кейбір мүшелерінің Түркияға қарсы жауапсыз және ақылға қонымсыз әрекеті ретінде енеді» деп атап өтті.

Санкцияларға қатысты түсініктеме берген сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу болса, «АҚШ Конгресінің мүшелері Анкараға басқа біреудің қалауын орындату мүмкін емес екенін ұғынуы керек» деп мәлімдеді.

Ол осымен алты ай ішінде екінші рет Анкара АҚШ-ты түрік аумағындағы «Инджирлик» және «Кюреджик» әуе базаларын пайдалану мүмкіндігінен айыру мәселесін көтеруі мүмкін екенін ескертті.

Мұндай жобаны іске асыру ықтималдығы жоғары, себебі Анкара ресейлік С-400 зениттік-зымыран жүйесінен бас тартпайтынын және жаңа әуеге қарсы қорғаныс жүйесін орналастыруды 2020 жылдың сәуіріне қарай аяқтауды көздеп отырғанын мәлім етті.  

Қос тараптың табандылығы мен ымырасыздығы түрік-америка қарым-қатынасының одан әрі нашарлайтынын көрсетіп отыр. Американың ірі The New York Times газеті «АҚШ-тың Сириядағы әскерлеріне Ислам мемлекетіне* қарағанда, Түркия мен Ресей үлкен қауіп төндіріп отыр» деген тақырыппен басылып шығуы кездейсоқтық емес.

Инджирлик пен Кюреджик базалары

Анкараның Вашингтонның қысымынан кейін Түркиядағы америкалық базаларды жабуы Таяу Шығыс пен одан тысқары өңірде геосаяси толқуларға әкеп соғатыны сөзсіз. Егер Анкара шынымен де АҚШ-тың әскери-әуе күштері үшін Инджирлик пен Кюреджик әуе базаларын жапса, ең алдымен, 50 америкалық ядролық В-61 авиабомбасын эвакуациялау қажеттілігі туады. Пентагон қырғи-қабақ соғыс уақытынан бері бұл қаруды және оны пайдаланудың 12-мәнді кодын толығымен бақылап отыр (Инджирлик базасында). В-61 әуе бомбаларын түрік аумағынан шығару бірқатар технологиялық  қиындықпен байланысты және Вашингтон мен Анкара одағының іс жүзінде аяқталғанын білдіреді.

The New York Times тұрақсыздық жағдайында В-61 бомбалары президент Ердоғанның «тұтқынына» айналуы мүмкін екенін жазды.

Инджирлик – Таяу Шығыстағы ең ірі түрік-америка базасы. АҚШ-тың Ирак пен Сириядағы әскери операциялары үшін маңызы өте зор. Бұл жерде, Адананың оңтүстік провинциясында штаб, арсенал, радионавигациялық жабдық орналасқан және АҚШ ӘӘК тактикалық авиациясының ұшақтары үнемі жауынгерлік кезекшілік атқарады. Ұзындығы 3000 метрден асатын ұшу-қону жолағы стратегиялық бомбалаушыларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: Әскери сарапшы АҚШ-тағы зымыран сынағы жайлы пікір білдірді

Кюреджик (Түркияның оңтүстік-шығысы, Малатья провинциясы) базасында  НАТО-ның Еуропадағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің бөлігі – зымыран соққысын ерте анықтау радары бар. Түркияда ондаған америкалық әскери нысан «домино принципі» бойынша зардап шегуі мүмкін.

Мәселен, Анкарада біріккен америкалық әскери миссия мен авиациялық топтың штабтары орналасқан. Барлығы Түркияда шамамен 2700 америкалық әскери қызметкер бар. Вашинготон күрделі әскери-саяси және қолданбалы технологиялық проблемалармен бетпе-бет келетіні сөзсіз.

Грекия егер Американың әскери базалары Түркия аумағын тастап кетуге мәжбүр болса, оларды өз аумағында орналастыруға дайын екенін білдірді. Алайда Пентагонның қыруар әскери қызметкері мен нысандарын орналастыру үшін жаңа инфрақұрылым құру оңайға соқпайды әрі көп ақшаны да қажет етеді.

Ал Американың бесінші буындағы жойғыштарына балама табу оңайырақ. Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу 11 желтоқсанда егер АҚШ F-35 сатудан бас тартса, Ресей оның баламасын ұсына алады деп мәлімдеді. С-400 ЗЗЖ сатып алғаннан кейін, Түркияның әскери-саяси басшылығы ресейлік көпнысаналы 4++ буындағы Су-35 және бесінші буындағы Су-57 жойғыштарының мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.

ИМ* – Ресей мен Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз