Амандық Баталов Мұқағали рухына есеп берді

0
856

Алматы облысының әкімі «Жетісу» газетіне Мұқағали туралы мақала жариялады.

«Ұлы ақынның алдында есеп беру біз үшін әрқашанда зор құрмет» деген облыс әкімі Амандық Баталов Алматы облысындағы экономикалық өсімдердің сан-цифрын келтіреді.

Ақиық ақын Мұқағалиды зиялы қауым, ақын-жазушы, мемлекет басшысы Тоқаев өз деңгейінде ұлықтап, насихаттап жатыр. Ең маңыздысы ұлы ақынның поэзиясы халық жүрегінде, оған ешқандай жарнама керек емес.

«Жасырып керегі не, жылға созылған коронавирус індетінің зардабы жетісулықтарға біраз қиыншылықтар әкелді, – деді әкім ақын атасына беріп отырған есебінде – Бірақ осынау өмір сынағы сілкіндірді, шыңдады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ынтымаққа ұйыдық. Ақ халатты абзал жандардың ерлігіне сүйсіндік. Жұдырықтай жұмылған жұрт сары алтындай сабырын төзім мен сезімге арқау етті. Қолдан келетін мүмкіндіктерді құр жібермеуге күш салдық» деп ағынан жарылды Баталов. Марқұм ақынның әруағы осы есептен кейін облыс әкімшілігінің төбесінен қарап тұрған шығар…

«Соның арқасында 2020 жыл тұшымды табыстармен қорытындыланды. Ішкі өнімнің көлемі 3 трлн.теңгеге жетті» дейді есеп барысында. Өлі әруаққа бұ жалған дүнияның ырың-жырыңы сірәда керек бола қоймас. Ақшасы мен мүлкі тіптен керек емес. Біз мұндайды ақын рухын қорлау деп есептейміз. Облыс әкімі Амандық Баталов ақынның өнердегі асқақ биігі, абыройы мен өлшеусіз талантын саясат пен экономиканың арзан пиарына жығып беріп отыр.

Егер әкім болып отырған адам есеп беру керек болса ең алдымен мәселесі шаш-етектен болып жатқан облыста өз халқының алдында неге есеп бермейді?! Әруақтар алдында есеп жасағысы келіп тұрса саясатта жүріп бақилық болған Алтынбек Сәрсенбайұлының, З.Нұрқаділовтың рухы алдында неге есеп бермейді?! Ақынның Алматы облысында туғаны болмаса, әкіммен қандай да бір қатысын көрген жоқпыз…

68 жастағы облыс әкімі зейнет жасынан асқан. Алматы облысының әкімі ауысатын уақыт жетті. Іскер әкім екеніне, журналистер мен ақын-жазушыларға жақсы қарайтын әкім екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. Бірақ, осы орында көп отырды (2001 жылдан бері облыстың орынбасар әкімі, 2014 жылдан бері облыс әкімі).

Бізге бір Назарбаев жетеді. Енді облыс әкімдерінен назарбаев жасамай-ақ қойған дұрыс. Мемлекет қаражатына оқыған Болашақ түлектері бұл орынға әбден лайық деген ойдамыз.

Мейіржан Әуелханұлы, KzNews.kz