Алматының бас дәрігері кабинетінде түнеп жүр
Тілеухан Әбілдаев өзі барған клиниканың қызметкерлері вирус жұқтырғаны анықталған соң, он төрт күн бойы оқшаулануға шешім қабылдаған
НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев он төрт күн бойы кеңсесінен шықпай, оқшаулану туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ол онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Менің оқшаулануыма қатысты айта кетсем. Алты күн бұрын орталық қалалық клиникалық ауруханаға барған болатынмын. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған адам саналамын. Сондықтан әріптестерім қауіп-қатерге ұшырамас үшін өзімді оқшаулауды жөн көрдім», — деді Әбілдаев брифингте.
Айтуынша, ол карантинге алынған сәттен бастап үш рет анализ тапсырған. Барлығы теріс нәтиже көрсетті.
Журналистің «қазір кеңседе түнеп жүрсіз бе?» деген сұрағына «иә» деп жауап берді.
Әбілдаев орталық қалалық клиникалық ауруханаға бір науқастың хәлін білу үшін және емхананың жағдайымен танысу үшін барған.
«Менімен бірге бөлім меңгерушісі, дәрігер және сол клиниканың бас дәрігері болды. Клиниканың қызметкерлері вирус жұқтырғаны анықталған соң, мен он төрт күн бойы оқшаулану туралы шешім қабылдадым», — деді ол.
sputniknews.kz