«Жейтін тамағымыз қалмады»: Шымкентте тұрмысы төмен аналар бас көтерді — Қазақстан жаңалықтары

0

Шымкентте көпбалалы және жалғызбасты аналар тағы да бас көтерді. Бұл жолы 50-ге жуық наразы әйел Nur Otan партиясының ғимаратының алдына жиналды. Олар «Біргеміз» қорынан 50 мың теңгелік жәрдемақыны төлеуді талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

әйелдер

«Бізді ары-бері тентіретіп қойды. Қоңырауларымызға жауап бермейді», — дейді наразы ана.

Күнсұлу Сүйінбаева қазір мүгедек баланы тәрбиелеп, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеруде. Айтуынша, мемлекет тарапынан берілетін 50 мың теңгелік жәрдемақыға өтініш берем деп жүріп, жергілікті басқарушы органдарының телефон нөмірлерін жаттап та алыпты. Сөз болып отырған ақша «Біргемiз» қорынан берілетін бір реттік әлеуметтік төлем көрінеді. 

Бұл жәрдемақыға азаматтардың жеті категориясы өтініш білдіре алады. Олар: тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, бірінші топ мүгедектері, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, зейнетақысы төмен зейнеткерлер, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірліген мүгедек жандар, Еңбек ардагерлері.

«Мен әкімдіктердің нөмірлеріне қоңырау соқсам, әуелі мені мазақ қылатын болыпты. «Міне, ақшаны аударып жатырмыз, әне аудардық» дейді. Менің үйімде жейтін тамақ та таусылды. Бір уыс ұн ғана қалды. Одан не жасап жерімізді білмейміз», — дейді ашынған Күнсұлу. 

Nur Otan партиясының ғимаратының алдына жиналған басқа да әйелдер осыған ұқсас жайттарды жарыса айтуда. Коронавирусты жұқтырамыз деген қауіптен қорықпайтын болдық дейді олар. 

«Менің күйеуім жоқ, жалғызбасты анамын. Бұл уақытқа дейін бірде-бір рет мемлекеттен көмек сұраған емеспін. Бірақ қазір амалым таусылды. Пәтер жалдап тұрамын. Nur Otan-нан азық-түлік берілді, бұған да рахмет. Бірақ бұл азық-түлік бітіп қалды. Жейтін тамағымыз қалмады», — дейді Шымкент ақалсының тұрғыны Тайха Бакериева. 

Nur Otan партиясының Шымкенттегі филлиал төрағасының орынбасары Бахадүр Нарымбетов мұқтаж жандардың тізімін жасап, оларға жәрдемақы табыстаумен аудандық әкімдіктер жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау орталығымен бірлесіп айналысады дейді.  

«Шымкент қаласында жиырма мыңнан тұрмысы нашар отбасы әлеуметтік ақшалай көмекке ие болды. Тағы 19 мың адамның тізімін жасап жатырмыз. Бұл жағдай қорға деген ақшаның келіп түсуіне тікелей байланысты», -дейді партия өкілі. 

Жиналған әйелдер әкімдіктің телефоны жұмыс істемейді деп наразылық білдірген еді. Бұл жағдайды шешеміз деген шенеуніктер мен партиялықтар ашынған жұртты үйлеріне қайтуға шақырды. 

stan.kz