Алматылықтар пікір білдірді: «Өзім Валентин күнін атап өтуге қарсымын»

0

Әулие Валентин күні — көптеген елде 14 ақпанда атап өтілетін мереке. Бұл мерекені Ғашықтар күні деп те атайды. Бұл күн ерте христиан шейіттерінің бірінің — Валентин Интерамнский немесе Рим Валентині есімімен аталған.

Мереке кезінде ғашықтар сезімін білдіріп, бір-біріне ашықхат, гүл, сыйлықтар беріп, кездесу ұйымдастырып жатады. Әсіресе жастар арасында Валентин күнінде жүрек пішінді ашықхат сыйлау сәнге айналған.

Zakon.kz Валентин күніне орай тұрғындардан бұл мереке туралы пікірін сұрады. Сауалнамаға қатысушылардың бірі бұл күнді тойлауға қарсы емес екенін айтса, кейбірі «Қазақтың мейрамы емес» деп, қолдамайтынын жеткізді.

Қала тұрғындарының пікірі:

Өзім Валентин күнін атап өтуге қарсымын. Валентин күні христиандардың мерекесі болса, қазақтардікі — 15 сәуір. Кейінгі жылдардары 15 сәуірді Қозы көрпеш-Баян сұлу күні деп атап өтіп жүр. Осы мерекені әркім өз шегіне қарай тойлайтын болса, бір-біріне сезімін әдепті түрде білдіріп жатса, құптаймын. Ал қазақққа тән емес дүниеге мен қарсымын.

Жанат

Валентин күнінің тойлануына ешқандай да қарсы емеспін. Жігітпен кездесіп жүрген адам үнемі ғашығының көңіл бөлуін күтеді. Өзім аса атап өтемін деп айта алмаймын. Бірақ егер жігіт осы мерекеде қызына көңіл бөлмесе, онда оны сылтау деп есептеймін.

Қала тұрғыны

Валентин күніне көзқарасым жақсы. Осындай мерекелер көбірек бола берсін. Дүниежүзі осы күнді атап өтеді. Меніңше, ол дұрыс. Өзіміз сол күні жұбайымызбен қыдырамыз, кафеге барамыз, сыйлық береміз. Мұндай күн болуы керек. Кімге не керек екенін әркім өзі біледі ғой.

Бауыржан

Валентин күніне өзім қарсымын. Қазақ халқында мұндай болмаған. Батыстан келген мереке болғандықтан қарсылығымызды білдіреміз. Біз өзімізге керек нәрсені алып, қажет емесін қалдыруымыз керек деп ойлаймын.

Бекарыс

Валентин күніне көзқарасым жақсы. Бұрын мектеп кезінде тойлайтын едім. Қазір жағдайларға байланысты атап өтпеймін. Мерекеге қарсы емеспін, ол ешқандай зиянын тигізбейді. Ғашықтар күні орыстарда 14 ақпан болса, қазақтарда 15 сәуір. Мұндай күнді тойлайтын-тойламайтыны ғашықтардың сезіміне байланысты шығар.

Альбина