Алматыда World Press Photo 2018 бірегей көрмесі өтеді

0

Алматы, BAQ.KZ. 29 қараша күні Халықаралық адам құқығы күніне орай Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайда жыл сайынғы World Press Photo 2018 бірегей көрмесінің ашылуы өтеді.

Көрмеде өткен жылдың ең маңызды оқиғаларын бейнелеген ең үздік фотосуреттерді тамашалай аласыздар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қазылар алқасы 125 елден 4,5 мың фотосуретшінің 73 мыңға жуық суретін бағалаған. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына 42 адам кірген. Қазақстандықтар еліміздің тек төрт қаласында ғана, яғни Астана, Қарағанды, Алматы және Шымкентте журналистердің бүкіл әлемнен жіберілген ең үздік фотосуреттерін көруге мүмкіндік алып отыр.

World Press Photo 2018 – бұл фотожурналистика саласындағы ең беделді халықаралық байқау жеңімпаздарының жұмыс көрмесі. Кәсіби фотосуретшілерден және БАҚ фоторедакторларынан тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін фотожурналистердің, агенттіктердің, газет пен журналдардың үміткерлерінің жұмыстарын 9 түрлі санатта бағалайды.

Сондай-ақ, World Press Photo халықаралық фотобайқауы жеңімпаздарының көрмесі аясында Нидерланд Корольдігінің елшісі 2018 жылдың 10 желтоқсанындағы Халықаралық адам құқығы күніне орай әлеуметтік маңызға ие тақырыптарға арналған фотосуреттер онлайн-байқауын ұйымдастырады.

Астана мен Қарағандыдағы көрме аяқталып қойды. Алматыдағы көрме 2 аптаға созылады. Қазақстанда көрме үшінші мәрте өткізілуде. Осыған дейін көрме Астана, Алматы, Қарағанды және Өскеменде 2013 және 2014 жылдары өткізілген болатын.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ