Алматыда «терроризмді насихаттады» деп айыпталған адамға іздеу жарияланды

0
10

Алатау аудандық сотының судьясы Талғат Мақұлов «терроризмді насихаттады» және «Хизб ут-Тахрирға қатысы бар» деп айыпталған 42 жастағы Бекжон Шалабаевты іздеу туралы қаулы шығарды.

«Ол әлі табылған жоқ, сондықтан бүгін сот болмайды» деп хабарлады сот өкілдері 26 желтоқсанда Азаттық тілшісіне.

Адвокат Қайрат Кеңесовтің айтуынша, 20 желтоқсанда оны күтпеген жерден сот отырысына шақырып, прокурор Мұхамбетқұл айыпталушы Шалабаев пен оның отбасының қай жерде екені белгісіз екенін хабарлаған. Адвокаттың сөзіне қарағанда осыдан кейін судья айыпталушыға іздеу жариялау туралы қаулы шығарған.

Бір апта бұрын, 19 желтоқсанда да Шалабаевтың сотқа келмеуіне байланысты сот өтпей қалған еді. Ол кезде адвокат Шалабаевқа телефон соққанмен жауап ала алмағанын айтқан. Сол күні судья Талғат Мақұлов прокурор Дінмұхамед Махамбетқұлға Шалабаевты келесі сот отырысына (26 желтоқсан күнгі) алып келуді тапсырған болатын.

Айыпталушының әкесі 72 жастағы Рахматулла Шалабаев ұлының сотқа келмегеніне таңқалғанын айтып, оның қайда екенін білмейтінін жеткізген. Оның айтуынша, ұлының да, келінінің де телефондары сөндірулі тұр.

Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі 17 қазанда басталған. Алғашқы сот процесінде прокурор Жандос Сәуірбаев айыптау актісін оқыған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Шалабаев Facebook әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері арқылы терроризмді насихаттаған. Ал айыпталушы Шалабаев «терроризмді насихаттады» деген айыппен келіспейтінін, бірақ «Хизб ут-Тахрир» ұйымына мүше екенін айтқан еді.

Этникалық қазақ Бекжон Шалабаев 1977 жылы Өзбекстанда көп балалы отбасында туған. 2007 жылы ата-анасымен Қазақстанға көшіп келген. Екі бүйрегі жұмыс істемегендіктен аптасына үш рет гемодиализ процедурасын қабылдаған. Ол тергеу орындарына ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.

Шалабаев отбасылы, төрт баласы бар. Үшеуі – кәмелет жасына толмаған. Әйелі Садакат Шалабаева жұмыс істемейді, науқас күйеуіне қарайды.

Қазақстанда «Хизб ут-Тахрир» ұйымы «діни экстремистік топ» деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз