Алматыда телефон сататын жігіттер тергеушілерден таяқ жеген
Алматыда Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты тергеушілер сатушылардың саудадағы телефондарын тартып алған, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Олар бұл әрекеттерін ұдайы қайталап отырған.
Ұрланған деген сылтауымен сөредегі ұялы телефондарды жинап кететін сақшылардан заттарын қайтару үшін саудагерлер ұдайы пәре беруге мәжбүр болған көрінеді. Медеу аудандық полиция басқармасының тергеушілерінен зәбір көрдік деген сатушылар ұзақ жылдан бері полициялардың заңсыз әрекеттерін жайып салды.
Айтуларынша, олар үшін ұялы телефондар мен акссесуарлар тегін. Саудагерлердің сөзінше сақшылар кез келген уақытта келіп, қалаған затын «тәркілеу» деген сылтаумен алып кете береді екен.
«2014 жылдан бері телефон сатамыз. Бізден үнемі ақша сұрайды, балағаттайды, ұрып-соғады. Сатудағы телефондарымызды жинап, алып кетеді. Менен ғана емес, телефон сататын бүкіл жігіттерден алады. Бәрінің жанұясы бар, арамызда егде жастағы адамдар да бар. Жұмыс жоқ басқа. Ескі телефондарды да, жаңа телефондарды да сатамыз. Егер біз сатып алған ескі телефонның біреуі ұрланған болып шықса, онда барлық телефондарды алып кетеді де, оны қайтару үшін ақша сұрайды. Осы Медеу аудандық полиция бөлімінің бастықтарынан бастап ақша сұрайды», – деді Айбол Алдухан есімді сатушы.
Саудагер жігіттердің сөзінше, алпысқа жуық жігіт көк базардың айналасында телефон сатып алып, оны қайта сатумен айналысады. Кейбірі ғимараттың ішінде арнайы орындарды жалға алып тұрғанмен, сауда болмағандықтан сыртқа да шығып жұмыс істейді екен. Полицейлер апта сайын телефондарын алып кетіп, құнды тауарды қайтару үшін екі жүз мың теңгеге дейін ақша сұрайтын көрінеді. Оны тауап бере алмаған жағдайда тауар да кері қайтпайды.
«Алдухан өздеріне бұрынан таныс тергеушілерден соңғы рет өткен айдың соңында тағыда таяқ жеген. Миы шайқалып, мұрны, құлағы сыныпты. Сатушы медициналық тексеруден өткен соң, қос тергеушінің үстінен арыз жазған. Арыз тергеушілердің ұруы бойынша жазылды, әлі қаралмай жатыр. Олардың бізден телефондарды тартып алатыны туралы арыз бермедік», — деді ол.
Ал заңгерлердің сөзінше полициялардың ұрланған телефондарды тауып, тиесіне қайтаруы сирек. Сатушылардан кез келген затты тәркілеп алу үшін алдымен акт толтыру керек. Бірақ сақшылар қызметін асыра пайдаланып, құжат толтырмайды.
«Аталмыш оқиға бойынша «А» есімді азамат ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасына ресми арызын түсірген. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодекстің 293 бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізу үстінде. Қылмыстық іс аясында сот медициналық сараптама тағайындалды. Міндетті түрде процессуалдық шешім қабылдаатын болады», — деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматы қалалық полиция департаментінің дерегінше, сатушыны соққыға жыққан тергеушілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.