«Халықшыл» депутат халықты қинап жатыр

0
420

Алматы қаласы мәслихатында Қазақстан халық партиясының (бұрынғы Қазақстанның халық коммунистік партиясы) атынан сайланған Ақбөпе Абылкасымова (суретте) дейтін депутат бар. Биыл ғана партияның мүшесі болған адамның партияда бұрыннан келе жатқан әріптестерінің арасынан суырылып шығып депутат болғаны, әрине, таңданарлық жайт. Айтатын сөз бұл емес.

Бізге хабарласқан Гүлшат Әйтиева дейтін Алматы қаласының тұрғыны «көресіні осы халықшыл партияның мүшесінен көріп келемін» дейді. Ұзақ жылға созылған даудың жыры да ұзын-сонар. Сондықтан қысқаша түсіндіруге тырысайық.

2001 жылы Қарасай ауданының әкімдігі «Арман» бағбандық серіктестігіне жер бөлу туралы шешім шығарады. Гүлшат Әйтиеваға сол серіктестіктің мүшесі ретінде 18 сотық тиеді. Кейін көршілерінің жерін сатып алып, иелігіндегі жер көлемін 2,12 гектарға ұлғайтады. Жер телімінің бір бөлігін «Реиз-Ал» дейтін ЖШС сатып алып мұнда «Таусамал» тұрғын үй кешенін салмақ болады. Өзінің ақшасы жетпеген соң компания көршілеріне жол, инженерлік құрылымдар құрылысына инвестор болу туралы ұсыныс жасайды. Өтеуіне тұрғын үй иелерінің тұтынушылар кооперативінен үлес ұсынады. Әрі тұрғын үй кешенінің құрылысы біткен соң жол және салынған инженерлік желінің (су, газ, электр желісі) игілігін ортақ пайдаланамыз дейді. Бұған Г. Әйтиева келісіп, өз қалтасынан 9 млн теңгеге жуық ақшасын берген. Сөйтіп Әйтиева кооператив мүшесі болады.

Кейін шығынды азайту үшін «Реиз-Ал» компаниясы иелігіндегі жердің бір бөлігін бөлшектеп сата бастаған. Бірақ о бастан ақ осы жер телімдерін сатқан компания мен жерді сатуды рәсімдеген құзырлы органдар құжатты дұрыс жасамаған секілді. Ол аздай кейін бұл жер аумағы Алматы қаласының аумағына өткенде Алматы қаласы әкімдігінің қаулысындағы қосымшада үлкен қате кеткен көрінеді. Яғни біреу әдейі ме, әлде шынымен қателесіп пе, әйтеуір жер телімінің көлемін көрсеткен сандардың арасындағы үтірді дұрыс қоймаған. Соның кесірінен Әйтиеваның жері 2,12 га емес, 21,2 сотық қана болып қалған. Әйтиева ханым сол жердегі ең үлкен жер иесі болған. Өзгелерінде 18,10, 6 сотықтан болыпты. Олардың да жері қателіктің салдарынан кішірейіп, мысалы, 18 сотық жері 1,8 сотық болып шыға келген.

Кейін әлгі құрылысты салған компания тұрғын үй кешенін өзге бір компанияға сатып кетеді. «Даудың басы сол кезде басталды» дейді Гүлшат Әйтиева.

Тағы бір қателіктің салдарынан төңіректегі жер иелерінің телімдері «Таусамал» тұрғын үй кешенінің үй иелері» тұтынушылар кооперативінің меншігіне өтіп кетеді. Кейін сотта бейбіт келісім жасалып, әркімнің меншігі өзіне қайтарылатын болып келісілген. Бірақ жағдай 2013 жылы «Таусамал» тұрғын үй кешенінің үй иелері» тұтынушылар кооперативі басқармасының төрайымы болып Ақбөпе Абылқасымова келгеннен күрт өзгерді.

Г. Әйтиеваның айтуынша, Абылқасымова келгеннен өзін тұтынушылар кооперативінен шығаруға және жер телімі көлемі мен оның меншік құқығымен байланысты кеткен қателікті пайдаланып, өздеріндегі жер телімін қайтармай, керісінше тартып алуға жанталаса кіріскен көрінеді. Тіпті, тұрғындардың жүретін жүретін жолына бетон блок қойып тастап, оны кейін сот ал десе де алмай қасарысты дейді Әйтиева. Ол аз болғандай, Әйтиеваны газ, су, жарықтан қиып тастау басталады. Осы уақыт ішінде жер телімі мен тұтынушы кооперативіндегі құқығы үшін ондаған сот өтіп, іс созылып кеткен. Дау-шардан Г. Әйтиеваның денсаулығы сыр берген. Қазір ол шетелде ем алуда. Оның шетелде емделіп жатқан сәтінде қалалық сот Медеу аудандық сотының Әйтиеваның қатысуынсыз оның жеке мүлкіне тиісуге тыйым салған шешімін бұзып тастайды. Сот орындаушылар құрылысты бұзу кезінде газ құбырын зақымдаған. Газ құбырына иелік ететін компанияны ескертпеген сот орындаушылары осы әрекетімен төңіректегі тұрғындарға қауіп төндірген. Осылайша ТК төрайымы Абылқасымова ханымның шағымымен Г. Әйтиеваның ғимараты газдан, судан ажыратылған. Г. Әйтиева суды бұл тұтынушылар кооперативі құрылғанға дейін алып келгенін, ол аздай осы су құбыры құрылысына ақша қосқанын, кооператив мүшесі ретінде жарнаны және барлық салықты уақытында төлеп келе жатқанын айтады. Енді міне қаракүз аяқталып, қыс басталар тұста Г. Әйтиеваның ғимараттары халықшыл депутат Абылқасымованың шағымының нәтижесінде жылусыз, газсыз қалған. Қазір бұл дауды Жоғарғы сот қарап жатыр.

Ең қызығы, «Таусамал» тұрғын үй кешенінің үй иелері» тұтынушылар кооперативі басқармасының төрайымы әрі заңгері болып отырған Ақбөпе Абылқасымова мәслихат депутаты Абылқасымоваға осы мәселеге араласуын сұрап сауал жолдапты. Яғни өзіне өзі сұрақ қойып, өзіне өзі жауап береді. Содан мәслихат депутаты А. Абылқасымова Г. Әйтиеваның үстінен екі мәрте тексеру жүргізуді ұйымдастырған. Мұндайды қайдан көрдіңіздер? Ал бұл дегеніңіз лауазымын жеке басының мақсатына теріс пайдалану, өкілеттілікті асыра сілтеу емей, немене? Әлде, Қазақстан халық партиясының мүшелеріне осындай ерекше мандат берілген бе?

Гүлшат Әйтиева тұтынушылар кооперативінің төрайымы осы уақытқа дейін өзінен бөлек ондаған адаммен соттасқанын айтады. Әркез адамдарға қоқан-лоқы жасап, білгенін істеп, тізесін батыратынын айтады. Осылайша халық партиясының мүшесі сол халықты қинап жатыр.

Берік МЫҢЖАСАР