«Даму» қоры 321,4 млн доллардың 118 «жасыл» жобасын қолдамақ ниетте

0

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ тараптарының Глазгода өткен жиырма алтыншы конференциясына (COP26 UN Climate Change Conference) қатысты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Бұл туралы басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева мәлімдеді.

«Даму» қоры еліміздің «жасыл» экономикаға көшуі және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі барлық бастамаларды қолдап келеді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде несие сомасы 136,6 млрд теңге болатын 118 жасыл жобаға қолдау көрсетілді. Бұл 321,4 млн долларға тең», — деп атап өтті Қор төрайымы.

Оның айтуынша, Қор өңірлерде кәсіпкер әйелдер арасында ШОК қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, инфрақұрылым құру, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) және тиімді энергия технологияларын пайдалануды қолдау жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асырады.

2021 жылдың сәуір айында «Даму» қоры Қазақстан үшін «жасыл» облигацияларды дебют ретінде шығарғаны үшін Climate Bonds Initiative Халықаралық Ұйымының «жасыл» нарықтың пионері» номинациясы бойынша беделді сыйлығын алған.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес пен оған бейімделуге, жаһандық температура өсімін Цельсий өлшемі бойынша 1,5 градусқа дейін төмендетуге, сондай-ақ көмірқышқыл газының шығарылуын нөлге жеткізуге қатысты ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін «Даму» Қоры ЖЭК-ке инвестиция салуды да ынталандырады.

Осы мақсатта «Даму» қоры «жасыл» жобаларды қолдау және «жасыл» облигациялар шығару үшін халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту бойынша жұмысты жалғастыруды, жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктен ESG рейтингін алуды, ШОБ-тың жасыл жобаларын қолдауды арттыру бойынша мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

Жалпы алғанда, «Даму» қоры 2021-2024 жылдарға арналған «Жасыл көпір» серіктестігін ілгерілету, елдің энергия балансындағы ЖЭК үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін жеткізу және 2060 жылға қарай елдегі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға үлес қосуға ниетті.