27 000 $: Алматыда полицей қылмыстық істі тоқтатқаны үшін пара алған
Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі алматылық полицейге шыққан сот үкімін хабарлады. Тергеушіге 27 мың доллар сомасында пара алды деген айып тағылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаменті бастығы Нұрлан Жақсымбетовтің хабарлауынша, Алматы қаласы Медеу аудандық соты қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 26800 доллар пара алған ПБ тергеушісін кінәлі деп таныған. Тәртіп сақшысы Call-орталыққа хабарласқан азаматтың арызынан кейін ұсталған.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тағы бір жемқорлық іске қатысты үкімді жариялады. Жер учаскелерін заңсыз сатқаны үшін «Көкшетау » мемлекеттік табиғи ұлттық паркі» филиалының директоры сотталды. Оған 23,4 млн теңге айыппұл салынды және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сол бап бойынша ұлттық парктің қорықшысы 3 жылға бас бостандығынан шектелді.
Айта кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев азаматтарды онлайн режимде қабылдауды қолға алды. Күні кеше өткен онлайн кездесуде полиция генерал-майоры облыс көлемінде 11 айдың ішінде тіркелген қылмыс саны 35,4%-ға азайғанын мәлім етті. Дегенмен 2020 жылдың басынан Алматы облысында аса ауыр қылмыс көрсеткіші өсіп отыр.
«Облыста 11 айда аса ауыр қылмыс саны 10,9 %-ға өскені байқалады. Бұл қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай кейбір қылмыс түрлерінің ауыр қылмыс санатына ауыстырылуына байланысты болып отыр. Облыс көлемінде қасақана адам өлтіру 8,9 %-ға көбейген», — дейді Серік Күдебаев.