Алматыда 27 медицина қызметкері вирус жұқтырды, арасында жүкті әйел бар

0
4

Індетке шалдыққандардың екеуі ауыр хәлде жатыр. 12 сәуірдегі жағдай бойынша Алматыда 27 медицина қызметкерінен вирус табылған

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Алматыда 15 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Олардың арасында жүкті әйел бар, деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

«Алматыда 12 сәуірде COVID-19 жұқтырған 15 медицина қызметкері анықталды, арасында жүкті әйел бар. Жалпы екі күн ішінде дертке шалдыққан 27 маман тіркелді. Олардың арасында дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, тағы басқалары бар», – деп түсіндірді басқармадан.

Полисегментарлық пневмонияға байланысты екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда.

Бұған дейін індетке шалдыққан 12 медицина қызметкері Орталық қалалық клиникалық аурухананың жұмысшылары екені хабарланған еді. Олардың екеуі – дәрігер және он медбике.

Тағы оқыңыз: COVID-19 жұқтырған дәрігер жазба жариялады: Жамбыл облысындағы оқиғаның мән-жайы

«Біз халықтан байбалам салмауды сұраймыз. Бұл адамдар карантинге қарамастан қызметтік міндетін орындады. Олар алғы шепте жүргендіктен, ауырып қалу қаупі жоғары адамдардың қатарында», – деп түсініктеме берген болатын Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Ол дәрігерлер кез келген адамнан вирус жұқтыруы мүмкін екенін айтты. Қазір бұл факті бойынша эпидемиологиялқ тергеу жүріп жатыр. Жағдай қаланың жедел штабының бақылауында.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 961 адамға жетті, оның 253-і – Нұр-Сұлтан, 172-сі – Алматы қаласында.



sputniknews.kz