Алматы облысының азық-түлік тауар өндірушілері Алматыда жәрмеңке өткізді
Бүгін Алматы қаласындағы «Астана» алаңында Алматы облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Онда өңірдің 17 ауданы мен 3 қаласынан жеткізілген азық-түлік саудаланды. Жәрмеңкеде жалпы құны 174,8 миллион теңге болатын 455 тонна көлемінде ауылшаруашылық өнімі ұсынылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қалалықтар үшін 36,0 тонна ет, 21,0 тонна сүт өнімдері, 114,7 тонна көкөніс пен 38,0 тонна жеміс-жидек, 15,8 тонна балық, 38 тонна картоп және басқа да тауарлар саудаға шығарылды. Жәрмеңкедегі азық-түлік бағасы қала базарынан 10-15 пайызға арзан бағада қойылды.
— Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында тұрамын. 8 гектар алма бағым бар. Жыл сайын өтетін дәстүрлі жәрмеңкені сағынып қалыппыз. Саудамыз ойдағыдай жүруде, — дейді жәрмеңкеге арнайы келген кәсіпкер Тайыр Қалдаяқов. Сондай-ақ, сауда сөрелерінде Текелі сүт зауытының өнімдеріне, Ескелді ауданының балына, Еңбекшіқазақ ауданының алмасына, Нарынқолдың картобына, Бақанастың күрішіне, Көксу мен Ақсудың ет өнімдеріне, басқа да табиғи таза өнімдерге деген сұраныс өте жоғары болды.
Жәрмеңкенің өту барысын облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев бастаған жұмыс тобы қадағалап, сауданың қалай жүріп жатқанын көріп, ауылдан келген шаруа қожалықтарының жетекшілерімен пікірлесті.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.