Алматы облысында шалғай аудандарға газ жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр

0
49

Алматы облысында шалғай жатқан Балқаш ауданына 51,2 км газ құбыры тартылып, «Бақанас» АГТС іске қосылған. Бұл іске 2,9 млрд. теңге жұмсалды. Сол сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Бақанас ауылында жалпы құны 1,1 млрд. теңгелік ауыл ішілік желілер құрылысы аяқталды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының мәліметіне қарағанда, Бақанас ауылында табиғи газға қосылуға 2137 абонент мүмкіндік алды, 500-ден астам үй көгілдір отынға қосылуға дайын. Қазіргі кезде нысан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ балансына өткізілуде.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының шеңберінде 876,1 млн. теңгелік  «Балқаш ауданының Ақдала ауылына газ жеткізу құбырының және газ тарату құбыры құрылысының» жобасы аяқталуға жақын.

Сол сияқты Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарын газдандыру үшін «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» АГТС-тарына бұрылатын «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының» жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Газ құбыры трассасының жалпы ұзындығы 318 км болады. «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырынан барлығы 148 елді мекенге газ жеткізіледі, яғни 156,4 мың адам газбен қамтылады деген сөз.

Сол сияқты Райымбек пен Кеген аудандарының ауылдарын газдандыру үшін «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралды газ құбыры құрылысының» ЖСҚ дайындалуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 316,3 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 17,4 мың халық тұратын 23 елді мекен газдандырылады.

Жалпы осындай жұмыстардың арқасында келесі жылы Алматы облысының газдандырылу деңгейін 64%-ке жеткізу жоспарланған.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.