Путинді қалжыңға қосқан комик Руслан Белыйдың концерттеріне тыйым салынған

0
180

YouTube арнасында танымал стендап-комик Руслан Белый биліктің астыртын тыйымына байланысты биыл күзге жоспарланған бес концертінің үшеуі өтпей қалғанын мәлімдеді.

16 қазанда Белый Санкт-Петербургтегі мәдениет үйінде концерт өткізуге тиіс болған, бірақ қалалық мәдениет комитетінің шешімімен тоқтатылған.

Комиктің сөзінше, оған алдына ала уәделескеніне қарамастан Ресейдің Бірінші арнасындағы «Вечерний Ургант» бағдарламасына шығуға да тыйым салынған.

Әртіс бұл жайттарды өзінің саяси тақырыптарды әжуа-қалжыңға жиі айналдырғанынан көреді. Оның қалжыңдарына Владимир Путиннен бастап, Ресейдің өзге де көптеген жоғары лауазымды тұлғалары іліккен. Белый өзіне қойылған тосқауыл Ресей президентінің әкімшілігінен түсіп отыр деп санайды.

Әртістің сөзінше, «керексіз әртістер» туралы президент Путин әкімшілігі бекіткен тізімге іліккен.

«Әртістерді сары және қызыл тізімге енгізетінін естігенмін. Сарысы – «түсініксіздер», ал қызылы — «тыйым салынғандар». Өзіме ресми түрде айтқан емес. Бұл бастама президент әкімшілігінен шығып жатқан сияқты. Бұл тізімнен шығу мүмкін емес», – деді Руслан Белый.

«Мәселе саяси тақырыпты тұздық еткен «Өзіміз ғой» («Я свои») және «Мұртымды неге ұзарттым» («Почему я отрастил усы») деп аталатын әзіл-сықақ концертім Youtube-қа шыққаннан кейін пайда болды» деп жорамалдайды ол. Бұл концерттерінде Белый Ресей шенеуніктерінің «тыныш ахуалды шайқаудың керегі жоқ» («не надо раскачивать лодку») деген сөзді жиі қолданатынын күлкіге айналдырған.

Кейінгі жылдары Ресейде билікті сынаған немесе саяси мәселелерді әжуалаған әртістер, музыканттар мен стендап-комиктер кәсіби жұмыстарында түрлі кедергіге ұшырайтыны аңғарылған.

Таяуда комик Идрак Мирзализаденің қойылымы үлкен резонанс туғызған еді. Құқық қорғаушы органдар Мирзализаденің қалжыңын «орыс халқының ар-ожданына тиетін қалжың» деп бағалаған. Осыдан кейін Мирзализадені Ресейге кіргізбеу жөнінде шешім қабылдаған. Қазір бұл істі апелляция соты қарап жатыр.

Путин туралы қалжыңдаған тағы бір комик Денис Чужой да биліктің қысым жасай бастағанын хабарлаған.