Алматы облысындағы түрмеде үш сотталушы өз денесіне темір тыққан (фото) — новости Казахстана
Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЛА155/12 түзету мекемесінде үш сотталушы өз денелеріне темір тыққан. Сотталушылардың туыстары оқыс оқиғаның орын алуын, түзету мекемесіндегі әлімжеттікпен байланыстырды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Ал аталған мекеменің басшыларының айтуынша, жазасын өтеушілер қыстық киім уақытылы берілмегендіктен осындай қадамға барған. Түзету мекемесінің басшылығы үш сотталушының әрекеті әлімжеттік пен күш көрсету оқиғасымен байланысты емес екенін мәлімдеді.
Сотталушылардың асқазан тұсына темір тығуы 16 желтоқсан күні күндіз болған.
Қазір екі сотталушы Қапшағай қалалық ауруханасында ем алып жатыр.
Ал үшінші сотталушының өміріне еш қауіп төнбегендіктен түзету мекемесінде жазасын өтеуді жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, Алматы облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің орынбасары Нұрлан Қалиякбаров тыйым салынған заттар, оның ішінде ұялы телефон мен темірдің олардың қолына қалай түскенін анықтау үшін тексеріс жүріп жатқанын айтты.
Жазасын өтеушілердің тиым салынған заттарға қалай қол жеткізгені анықталған соң тиісті шаралар қолданылады.
Естеріңізге сала кетейік, жалпы қатаң тәртіптегі бұл мекеме 1500 адамға арналған. Қазіргі сәтте Ла155/12 түзету мекемесінде 846 сотталушы бар. Олардың 170 тен астамы жұмыспен қамтылған деді.