Оралда 135 жылдық ескі ғимаратқа қатысты дау шықты

0

Дау-дамайға түрткі болған қос қабатты ғимарат 1880 жылы салынған. Революцияға дейін ғимараттың бірінші қабатында қалаға танымал трактир орналасыпты, ал екінші қабаты қонақүй болған. Қонақүйге 1891 жылы әйгілі опера әншісі Федор Шаляпин келіп тоқтаған.

Қазір ғимараттың бірінші қабаты бизнеске берілген, үстіңгі қабаты — пәтер, адамдар тұрады. Бұрынғы қонақүй жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. Дегенмен де жергілікті билік оны апатты жағдайда деп танып, оны сүру мәселесін көтеріп жатыр.

Оралдағы сүрілуі мүмкін тарихи ескерткіш ретінде танылған ғимарат

Оралдағы сүрілуі мүмкін тарихи ескерткіш ретінде танылған ғимарат

ҒИМАРАТТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Музыкант Юрий Ланцев Құрманғазы көшесіндегі N82 үйде көптен бері тұрып келеді. Екінші қабатта Юрийдің пәтері орналасқан. Ол бірінші қабаттағы өзіне тиісті бөлікті музыкалық студияға айналдырып, жеке кіретін есік жасағысы келеді. Юрийдің айтуынша, өзіне немесе басқа ғимарат иелеріне үйді бағалаумен айналысатын комиссия өкілдері келмеген. Енді ол сот арқылы комиссияның қорытындысын жарамсыз деп тану үшін күреспек.

— Сараптама заңсыз жүргізілгендіктен, біз үйдің апатты жағдайда емес екенін айтып, сотқа бердік. Бірнеше ай бұрын пәтердің жағдайын бағалау үшін арнайы компанияны шақырдық, пәтерден кеңсеге кіретін қосымша есік ашуға рұқсат алу үшін тұтас үйді бағалату қиын, өте қымбатқа түседі. Нәтижесінде компания біз тұрып жатқан бірінші және екінші қабаттағы 200 шаршы метрдің қалыпты жағдайда екенін растады. Қазір қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық өкілдерімен соттасып жатырмыз, — дейді Юрий Ланцев.

Музыкант Юрий Ланцевтің "құлауға әзер тұр" деп танылған пәтері

Музыкант Юрий Ланцевтің «құлауға әзер тұр» деп танылған пәтері

Осы үйдің бірінші қабатында дәріхана, дәмхана және second-hand дүкені бар. Юрий Ланцевтің айтуынша, екінші қабатта тұратын тұрғындардың көбі жақында келгендіктен ғимараттың тарихи маңызынан хабарсыз. Сондықтан мәселеге алаңдап отырған жоқ. Оның үстіне үйде әлі күнге дейін кәріз жүйесі жоқ. Бірінші қабаттағы ғимарат иелері құдық қазып, септик жүргізіп қойған. Тұрғындардың бірі екінші қабатқа да септик жүргізуді ұсынған, бірақ көбі бас тартыпты.

— Осы ғимаратта жағдай жасалмаған ғой. Тиісінше, бағасы да төмен. Тұрғындар «арзан» деп пәтерді осы жерден сатып алған. Енді жаңа үйден пәтер алғылары келеді. Олар әкімдікке барып, телеарналарды шақырады, ешқашан жөнделмеген шатырдан су ағып жатқанын көрсетеді (Біз өз шатырымызды өзіміз жөндедік, оған көп ақша кетпеді — Ю.Л). Олар үйді қирап жатыр деп көрсету үшін дәлізді әдейілеп тескен, оны көршілер көріпті. Бірақ ол құламайды, себебі қабырғасы екі метр, жертөлесі берік. Бізде «хрущевкалар» құлап жатыр, мына үй 135 жыл тұрды, әлі тағы шыдайды. «Апатты жағдайда» деген сөзді алып тастасақ, үйді сақтап қалуға мүмкіндігіміз бар, — дейді Юрий Ланцев.

Оның көршісі Зиннат Жубанова бірнеше жылдан бері екінші қабаттағы пәтерде тұрады, бірақ Ланцевтің пікірімен келіспейді.

– Бұл үйде 18 жылдан бері тұрып келемін. Егер олар тарихи ескерткішке жаны ашыса, неге жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмады? Олар бұл ғимараттан кеткілері келмейді, себебі бәрі бизнесмендер: дәмхана, дәріхана, шаштараздары бар. Өздері жақсы табыс табады, енді бізді де ойласын. Менің 35 шаршы метр пәтерімнің төбесі құлап жатыр, су ағады. Дәліздің жағдайы анау — жөндеу мүмкін емес. Пәтер алу кезегінде тұрмын, бірақ қашан алатыным белгісіз, — деді Зиннат Жубанова сот отырысының бірінде.

Оралдағы тарихи ескерткіш деп танылған ғимараттың маңдайшасына ілінген тақта. Онда әнші Федор Шаляпиннің осында тоқтағаны туралы жазу бар

Оралдағы тарихи ескерткіш деп танылған ғимараттың маңдайшасына ілінген тақта. Онда әнші Федор Шаляпиннің осында тоқтағаны туралы жазу бар

ЕСКІ ОРАЛДЫҢ ҚИРАҒАН ҮЙЛЕРІ

2018 жылдың сәуір айында сот Юрий Ланцевтің шағымын қанағаттандырған. Сот қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің пәтерді студияға айналдырудан бас тартуын заңсыз деп таныған.

Ланцев «сот шағымды қанағаттандырып отыр, демек ғимараттың өзін де жарамды деп танығаны ғой» дейді. Ал қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық өкілдері бұл пікірмен келіспейді. Олар үйдің апатты жағдайда тұрғаны туралы 2011 жылғы комиссия шешіміне сүйенеді.

— Акті бар, үй апаттық жағдайда тұр деген қорытынды бар. Оған ешкім шағымданған жоқ, қарсы болып, өзгерткен жоқ, әлі күнге дейін бар. Тарихты, мәдениетті бәріміз құрметтейміз. Мен археолог емеспін, бірақ жыл сайын ғимарат өзінен-өзі жаңармайды ғой. Бұл жерде үшінші тараптың мүддесі бар, себебі үй тұрғындары жергілікті атқару мекемесінде осы санат бойынша (жалғыз баспанасы апаттық жағдайда деп танылған-ред.) тізімде тұр, — деді қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық өкілі сот отырысында (оның аты-жөнін Азаттық тілшісі сот залындағы аудиожазбадан анықтап ести алмады – ред.).

Талап етушінің адвокаты Светлана Кленова үйге ең алдымен Қазақстанда міндетті түрде қорғауға алынып, сақталуы тиіс тарих және мәдениет ескерткіші ретінде қарау керек дейді.

– Нысан жойылған кезде және (немесе) тарихи-мәдени мәнінен айрылған кезде ғана ғимаратты тарихи ескерткіш мәртебесінен айыруға болады. Демек, тарихи-мәдени сараптама негізінде ғана ғимаратты тарихи-мәдени маңызынан айыруға болады. Ал оны қажетті лицензиясы бар адамдар жасауы тиіс, — дейді Кленова.

«Старый Уральск» мәдени-ағарту қоры тұрғындар шағымын естіген соң ескерткішті қорғауға кіріскен. Қор өкілі қала әкімшілігіне хабарласып, ғимаратты сақтап қалуды сұраған. Бірақ әзірге еш жауап алмаған.

– Ғимарат 19 ғасырда салынған, сондықтан оны сақтауымыз керек. Оған қоса, тарихи орталықта тұр, ескі қаланың архитектуралық ансамблінің бір бөлігі болып тұр. Өкінішке қарай, Оралда мұндай жағдайлар жиі болып жатыр. Қазір 19 ғасырда генерал Мартыновқа тиесілі болған қала орталығындағы ескі ғимаратты бұзып жатыр. Ал генерал Бородиннің бұрынғы үйінде тұрғандар оның ескі балконын алып, металл сынығын жинаушыларға өткізбек болған, — дейді қор директоры Геннадий Мухин.

Тарихи-мәдени мұра нысандарын пайдалану және қорғау туралы заң бойынша, тарихи ғимарат иелері ғимаратты өз есебінен жөндеулері керек. Мұндағы ғимараттардың бәрі өте ескі, кейбіріне күрделі жөндеу керек.

Түрлі себептерге байланысты тұрғындар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге асықпайды. Біреуінің оған қаржысы жоқ, екіншісі жаңа баспана алғысы келеді.

2018 жылдың шілдесінде Орал орталығындағы 1868 жылы салынған үй қиратылды, тұрғындарды уақытша пәтерге көшіріп, үйді «тұруға жарамсыз» деп бұзып тастады. Қазіргі кезде Оралда апатты жағдайда тұрған тарихи маңызы бар-жоғы белгісіз 43 үй мен 200-ден астам ескі ғимарат бар.

Дереккөз: Азаттық