Алматы облысында экс-әкім Таңбалы тасқа зауыт салып, 3000 жылдық тарихты жойып жатыр
Алматы облысында петроглифтер жойылып барады. Арқарлы асуындағы жақпар тастардың қаншасы қирап, қиыршық тас шығаратын зауытта үгітіліп кеткені де белгісіз. Петроглифтер орналасқан жартасты жоталарды жердің қожайындары шиыршық тастан бөлек, жерге төсейтін тақтатас бизнесі үшін де пайдаланып келеді. Қиратылып жатқан Малайсары сілемдерінде таңбалы тарихи тастан небәрі үшеу ғана қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жақпар тастарға Малайсары немесе Жоламан ауылдары арқылы жолсыз жоталармен 15 км жүріп жетуге болады. Көз жетпес жүздеген гектар тау сілемдерін үш үлкен компания осыдан 15 жыл бұрын жекешелендіріп бөліп алған. Тарихи тастардың қаншасы қиратылғанын қазіргі қожайындары да, әкімдіктегілер де білмейді.
«Бір петроглиф орналасқан тау Қайрат Кереев деген кәсіпкердің компаниясына тиесілі жерде тұр. 137 гектар жердің мемлекеттік актісі бар, 2006 жылы меншікке берілген. Қазіргі уақытта бұл аумақта жұмыс тоқтап тұр, ешқандай тас өңдеу жүргізіліп жатқан жоқ. Арғы жақта тағы екі таудың бөктерінде таңбалы тастардың орны анықталған. Ол жердің иесі басқа, екі төбедегі таңбалы тас «Архарлы тас» ЖШС жерінде тұр. Бір таңбалы тас Жоламан аулының аумағында, тағы екі тау Малайсары ауылдық округіне қарайды», — деді Кербұлақ ауданы жер қатынастары бөлімінің бас маманы Тимур Матыбаев.
Малайсары петроглифтері тағы біраз уақыт осылай қараусыз жатса мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Биік қыраттар мен көз жетпес сілемдері тұнған тарих. 2017 жылы археолог Алексей Марьяшев бастаған ғалымдар Арқарлы асуындағы тарихи тастарға назар аударған. Тарихи суреттер қола немесе темір дәуіріне тән екенін айтып, өңірге кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп тапқан деген мәлімет бар. Бірақ, тарихтан бұрын теңге табуды мақсат тұтқан кәсіпкерлер тасты ондаған жыл бойы төңкеріп келеді. Мәселе шешімін таппаған соң мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов вице-премьерге депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болды.
«Кербұлақ ауданы ауамағындағы Малайсары петроглифтері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытта пайдалануда. Ал жергілікті билік, яғни Сарыбастау ауылдық округі аңғардағы кәсіпорындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Осы күнге дейін тастағы петроглифтердің біраз бөлігі бұзылып, қиратылып кеткен. Жедел түрде тиісті шешім қабылданбаса, аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады. Жалпы ғалымдар Малайсары сілемдеріндегі тастарда бедерленген суреттердің 3,5 мың жылдық тарихы барын айтады. Сондай-ақ, ҮІ-ҮІІ ғасырлардың мәдени ескерткіштері, бергі ХҮІІ ғасырлардағы таңбалар бедерленген тастар барын да алға тартады. Бұл аумақта тарихи мұраларға қатысты өрескел заң бұзушылық орын алып келеді», — деді Жанарбек Әшімжанов.
Депутат та, зерттеушілер де жедел түрде арнайы комиссия құрылып, киелі мекен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының» тізіміне енгізілуі және Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Арқарлыдағы петроглифтерді жүйелі зерттеу жұмысын жеделдетіп қолға алу қажет деп санайды. Бұл ұсыныстар бұған дейін де бірнеше рет айтылған. Көнеден қалған құнды тастардың қиратылып жатқаны туралы дабыл 2017 жылы Кербұлақ ауданының әкімдігіне де ескертілген. Сол кездегі ауданның әкімі де, облыстық мәдениет басқармасындағыларда ешқандай шара қабылдамаған. Тарихшы, археологтардың зерттеуінше, тастағы суреттер осыдан 3 мың жыл бұрынғы дәуірден сыр шерте алады. Алайда таудың тасы қопарып, жарамсыздарын тастап кеткен. Сарыөзек кентіндегі басшылар жуырда ғана таңбалы тастардың тұрған жерлерін картаға түсіріпті.
«Таңбалы тастардың бар екенін кейін білдік. Таудың бұзылып, тастардың қопарылуы 2017 жылға дейін де болған. Қазу жұмыстары бұрын басталған. Қазірге дейін қанша тас бар екені нақты белгісіз. Петроглифтер тұрған үш жер екі шаруашылықтың аумағында жатыр. Біздің мақсат сол бар тастарды сақтап қалу. Жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын қарастырып жатырмыз. Қорғауға аламыз. Қанша тастың қирап кеткені белгісіз. Зерттеу жүріп жатыр, тамғалы тастар саны көбейюі де мүмкін», — деді Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Ермек Досалбаев.
Аудандағылар ондаған жыл бойы мән бермей жүргенде, әр жерде тек үш тарихи тас қана қалған. Кербұлақ ауданының қазіргі әкімі Ғалиасқар Сарыбаев жекенің қолындағы жерді кері қайтару керек деп санайды. Бірақ оны қайтаруға себеп болатындай негіздеме құжат, облыстық мәдениет басқармасы немесе ғылыми институттардың тұжырымдамасы жоқ. Тек аудан шеңберінде арнайы жиын өткенмен, нақты бір шара қабылдау туралы шешім шықпаған.
«Мен әкім болып келгеніме жарты жыл да толған жоқ. Осы мәселені естіген бойда жан-жақты анықтауға кірістік. Проблеманы көтеріп жүрген адамдарды да шақырттым. Облыстан «Рухани жаңғыру» орталығыынң басшысы, өзге де мамандар барды. Бізге ұсыныс керек, бірақ әлі күнге дейін ресми ұсыныс жоқ. Менің ойымша, жел, жаңбырдың кесірінен табиғи тастар өзі тозған. Заң аясында біз ол жерді ауданның жер қорына қайтарып алуға тырысамыз. Әрбір таңбалы тастың тұрған жері 0,5 – 1 гектар аралығында. Қожайындарына тастар жатқан жерлерде ешқандай жұмыс жүргізбеу керектігі туралы ескерту берілді», — деді Кербұлақ ауданының әкімі.
«Арқарлы тас» ЖШС қожайыны 15 жылдан бері тастан табыс табуды бастағандарын айтады. Қазіргі кәсіпкер кезінде Кербұлақ ауданының әкімі де болған. Алматы облысында Серік Үмбетов әкім болып тұрғанда 2006 жылы таудан 230 гектардай жерді меншіктеп алған. Әлі күнге дейін жерге төсейтін тақтатастар шығарып сатады. Экс-әкім 15 жылда қанша мың тонна тастың сатылғанын есіне түсіре алмады. Білетіні, өндірілген тас ауыр жүк көліктері арқылы ғана емес, темір жолмен де үздіксіз жіберіледі.
«2006 жылы 32 гектар жерді тас өндірісін шығару үшін алдық. Арғы жағында ауыл шаруашылығы мақсатында алынған 180 гектар жер тағы бар. 49 жылға алғам. Плита тастарды шығарамыз. 2006 жылдан бері өнімді нарыққа шығарып келеміз. Тарихи тастар бар екенін байқағам жоқ, кім біліпті оны. Егер мемлекеттің мұқтаждығы үшін қайтарамыз десе, заңдылығына қарай көреміз, қарсы шықпаймыз, келісеміз. Ыңғайына қарай көреміз. Көп жерді беріңдер десе әкімдікпен саудаласуға тура келеді. Жерге қатысты 3 акт бар. 2007-2013 жылы Кербұлақ ауданының әкімі болып, зейнеткерлікке шықтым. Қазір зауытта 30 шақты адам жұмыс істейді», — деді «Архарлы тас» ЖШС құрылтайшысы, Кербұлақ ауданының экс-әкімі Нұрбай Қожатаев.
Нұрбай Қожатаев
Депутаттық сауалға жауап жіберген вице-премьер Е.Тоғжановтың хатында, петроглифтердің қорғауға алынатыны, зерттеудің нәтижесінде әрбір тастың құжатталып, ол өңірді қорғауға қажетті қаржы облыстық мәслихат арқылы қаралатыны айтылған. Алайда, кәсіпкерлер аталған үш төбені қорғау аймағына алу артық шығындалу, мемлекеттің жүздеген миллион теңгесін ақталмайтын жобаға шашу деп санайды. Өйткені таудың арасына жол салу, жарықтандыру, су мен дәретхана орналастыру сынды көптеген жұмыс жүздеген миллион теңгені талап етеді. Ең тиімдісі – Жоламан ауылында жуырда ашылатын Сәмен батыр мұражайына аман қалған үш тарихи таңбалы тасты бүлдірмей апарып қою. Бұл мемлекетке қаржылық жағынан да, тастарды сақтау бойынша да тиімді дейді олар.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы