«Айтпағаны — анасына сенбегені. Енді тұрмысқа шығуға қорқады»: Психолог Шымкентте туған әкесінен туған қыз туралы
Шымкентте 9-сыныпта оқитын өрімдей қыз өзінің әкесінен бала туған. Осылайша, әкесі өз немересінің әкесі атанды. Оқиға осы жылдың мамыр айында болған. Жаға ұстатарлық жайды білім бөліміндегілер хабарлады. Қазір полиция мән-жайларды тексеріп жатыр, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме беріп.
Белгілі болғандай, дүниеге келген бала — қыз. Зәбір көрген қыздың әкесі болса осы оқиға жария болысымен өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты. Нәресте қазір қыздың анасының, яғни әжесінің қамқорлығында. Қалалық білім басқармасында сәбидің биыл мамырда дүниеге келгенін айтады.
«9 сынып оқушысы осы жылдың мамыр айында сәбиін дүниеге әкелді. Бұл зорлық-зомбылық болды ма, жоқ па, біз айта алмаймыз. Мұны полицейлер анықтап жатыр. Сәби қазір оқушының анасында», — дейді Ұлжалғас Саурабаева, қалалық білім басқармасының бас маманы.
Ал немересінің әкесі атанған еркек азғындығы жұртқа жария болған соң, өз-өзіне қол жұмсаған. «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі көп адам зәбірленушіден кінә іздейтініне ашулы.
«Жұрттың барлығы тек баланы ғана кінәлап жатқанына ашулымын. Әкесінің қойнына өзі барып жатқан шығар, қысқа белдемше киген болар деген сарындағы пікір көп. Бұл не деген сұмдық?» — дейді ол.
Қоғам белсенділерінің бірі бұл оқиғаны азғындық деп бағалаған.
«Бұрын басқа біреу зорлап кетті деп естуші едік. Енді мынау сұмдық құбылысқа айналды. Өте өзекті өртейтін жағдай. Жалпы бұл — азғындық. Бұның басқа атауы жоқ», — дейді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.
Психолог маманның айтуынша, педофилдің келбеті жоқ, сондықтан оны жақындары аңғармай қалуы да әбден мүмкін.
«Әйелі қасындағы күйеуінің қызына зорлық жасап жүргенін білмеуі мүмкін. Байқамауы мүмкін. Өйткені педофилдің келбеті жоқ. картинасы жоқ, ол генетикалық жағынан болмайды», — дейді психолог Ғалияш Махашева.
Айтуынша, зорлық көрген қыз бала болашақта тұрмысқа шығуға да қорқып қалуы ғажап емес.
«Айтпағаны — анасына сенбегені. Бұл анасының мойнындағы үлкен жүк. Өзінің қызына жақсы бола алмағаны. Ең қорқыныштысы, ол тұрмысқа шығуға қорқады. Тұрмысқа шығып бала тууға қорқады. Бала туса, өзінің күйеуінен күдіктеніп жүреді», — дейді психолог.
Ал генетик-дәрігер мұндай балалар түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін екенін айтады.
«Іштен туа біткен жүрек қан ауруларына, жүрекшер арасындағы деффектілерге алып келеді, қарыншалар арасындағы және өкпе ауруларына, мукависцидоз деген ауру бар. Альбинизм, ақыл естің кемістігіне», — дейді генетик-дәрігер Мақпал Құдайбергенова.
Қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы педофил болатындардың көбі 90-жылдардағы ерлер екенін топшылайды.
«90-шы жылдардың басында бір хаос пайда болды. Ер азаматтар жұмыссыз қалып, бар жүк әйел адамдарға түсті. Барлық мұғалімдер бір сәт базарға шығып кетті. Сол кезде тәрбиенің бір кемістігі, олқылығы орын алды да, жалпы былай қарағанда, осындай қылмысқа баратын көбісі сол 35-39-40 шамасында да», — дейді Айша Құрманғалиқызы.
Белгілі болғандай, соңғы он айда 11 жасқа дейінгі 212 бала зәбір көрген. Сорақысы, жақындарынан, ал одан да сорақысы сол 212 істің тең жартысы жабулы қазан күйінде қалған. Айша Құрманғалиқызы мұндай сорақы жағдайлар қазақ тарихында да болғанын, сол үшін жазаға тартылғандарын еске түсіреді.
«Абай жолы шығармасында Қамқа мен Қодардың, күйеуі қайтыс болған келіншек пен өзінің қайын атасы арасындағы қарым-қатынас. Зинақорлық, ол тіпті дәлелденбеген де, бірақ инцест дейді ғой. Қазақ қоғамы сол кездің өзінде қарсылығын білдіріп, жазасын белгіледі», — дейді Айша Құрманғалиқызы.