Адырам қалған Тәуелсіздік

0

Ышқынған жаны шығып ақиқаттың,

Дауысы жалғандыққа қарғыс аттың!

Ұлтымның керең ұлы мен емес ем,

Кеудеңнің сырылын да естіп жаттым.

Естідім,

Ұрандаған хан Кенені,

Ысылын суылдаған сұр жебенің.

Ұлтымның халі мүшкіл,

Қансыраған

Қанжоса жарасына не себемін?!

Далада қобыз үні аңыраған,

Ұлиды,

Атамекен қаңыраған.

Діні жат,

Тілі шұбар,

Малға ұқсап –

Дүбәра ұрпақ туды маңыраған.

Жер кетпек ұстағанның уысында,

Қазақтың болмаған күн тумысында –

Шетелде қалып қойып жатыр жастар,

Еліне енді қайтып жуысын ба?

Әйтеуір заман туды ию-қию,

Ес кетіп, арман болды құлқын тыю…

Байып ап, құдай болам дегендерге –

Қиямет болды шіркін, есті жию.

Бұйырып несібеміз жатшылыққа,

Кез болдық жан төзгісіз тапшылыққа.

Жеріме қытай қаптап құмырсқадай,

Ақыры апармайды-ау жақсылыққа!

Күнін де Тәуелсіздік атай алмай,

Жаланған жендеттерге бата алмай –

Сығалап бұрыштардан қазақтар жүр,

Батаға піскен астан тата да алмай…

Қиямет болды аруаққа дұға жасау,

Қазаққа мазақ болған қайдағы –

Асау?!

Алдында айдағанның кете барды

Шұлғыған өз еркі жоқ, қайран бас-ау.

(Жан-жағынан қазақ ұлтын қамалап,

Иттер шықты,

Желтоқсанда абалап.

Адырам қалды тәуелсіздік дегені,

Полицайлар қазақтарды сабалап…)

Ұмытқан Азаттықты құлсыңдар ма,

«Келед – деп, – өздігінен» тұрсыңдар ма?!

Адырам қалды міне, дұғаларың

Бұйырмай Желтоқсандық  қыршындарға!

Қуаныш МҰҚТАЙ

ақын, қоғам қайраткері

«Қамшы» сілтейді