атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер

0

Бұл Григориан күнтізбесінде 357-ші күн. Жыл соңына дейін 8 күн бар.

23 желтоқсанда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

23 желтоқсанда қандай қызықты оқиға болды

Бүгін – Бүкіләлемдік сноуборд күні. Бұл кез келген сноубордшы үшін өте айтулы мереке. Бүкіләлемдік сноубординг күнін алғаш рет 2006 жылы Еуропада өткізу ұйғарылды. Бұл оқиға сноубордты жаны сүйетіндер мен  тәжірибелі прорайдерлердің басын біріктіреді. Аталған мереке қысқы маусымның ресми ашылу күні болып саналады. Әдетте айтулы датада өте көп іс-шара ұйымдастырылады: кәсіби спортшылар сноуборд сабағын өткізеді, жарыстар мен концерттер ұйымдастырылады. Кей жерлерде, тіпті, сноуборды бар ең әдемі қызды таңдайды. Соңғы жылдары танымалдылығы артып келе жатқан сноубординг спортшылардан физикалық дайындықты ғана емес, жақсы көңіл-күйді де талап етеді. 

Сондай-ақ, бүгін – Блукас мерекесі. Бұл көне мейрам Литвада әр жыл сайын аталып өтеді. Адамдар қараңғы түсе бастағанда көшеге шығып, ескі ағаштың түбірін сүйрететін болған. Оны олар Блукас деп атаған. Ол зымыраған уақытты, аяқталмаған істер мен орындалмаған арман-тілектерді білдіреді. Блукас тарих қойнауына енгелі жатқан жылдың барлық ауыртпалығы мен тауқыметін жинайды деп есептеген. Ағаш түбірін басты алаңға сүйреп апарып, жағып жіберетін болған. Осылайша, жаңа әлем құруға дайындық басталады. Түннің ұзаруы тоқтап, бірте-бірте күн көзі қайта оралады. 

23 желтоқсанда әлемде болған тарихи оқиғалар 

1672 жылы Сатурннің көлемі жағынан екінші серігі Рея ашылды;

1913 жылы АҚШ-та Федералды резервтік жүйенің негізі қаланды; 

1984 жылы Красноярск түбінде Ту-154 ұшағы құлап, салдарынан 110 адам қаза болды; 

1990 жылы Словенияның Югославиядан бөлінуі бойынша өткен референдумда азаматтардың 95%-і қолдап дауыс берді. 

23 желтоқсанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар 

1994 жылы Бішкекте Қазақстанның елшілігі ресми түрде ашылды;

1994 жылы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді;

2009 жылы Алматы облысы Ескелді ауданы Жетісу ауылында Мәдениет үйі ашылды; 

2010 жылы Петропавлдағы гуманитарлық колледж ғимаратына ақын Мағжан Жұмабаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды;

2013 жылы Қазақстанда «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» жаңа наградасы жасалды.

23 желтоқсанда әлемде туған танымал тұлғалар 

1799 жылы орыс суретшісі, кескіндемеші, монументалист, акварельші, академизм өкілі Карл Брюллов дүниеге келді; 

1858 жылы орыс және кеңес театр режиссері, педагог, драматург, жазушы, театр сыншысы және театр қайраткері Владимир Данченко өмірге келді; Мәскеу көркем театрының негізін қалағандардың бірі. КСРО Халық әртісі (1936). Жазушы Василий Иванович Немирович-Данченконың інісі;

1927 жылы кеңес және ресейлік опералық және камералық әнші (бас), педагог Александр Ведерников туды. 1958-1990 жылдар аралығында КСРО Үлкен театрының солисі болды. КСРО Халық әртісі (1976). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1969);

1931 жылы кеңестік театр және кино актері, КСРО халық әртісі Лев Дуров дүниеге келді (фильмдері: «Мастер и Маргарита», «Человек с бульвара Капуцинов»).

23 желтоқсанда Қазақстанда кімдер туды

1889 жылы Алашорда үкіметі Батыс бөлімшесінің мүшесі және белсенді қайраткері Бижан (Бижанғали) Жанқадамов дүниеге келді;

1904 жылы композитор, домбырашы Смағұл Көшекбаев өмірге келді;

1924 жылы суретші, кескіндемеші, акварелші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Үкі Әжиев туды;

1937 жылы композитор, Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жүздеген симфониялық шығарманың авторы Мыңжасар Маңғытаев өмірге келді;

1958 жылы Қазақстанның көрнекті композиторы Артық Тоқсанбаев дүниеге келді;

1968 жылы халықаралық санаттағы спорт шебері, жеңіл атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина туды. 

Ай күнтізбесі

Ай Шаян белгісінде орналасады. Бүгін аяқсыз қалған істерді соңына дейін жеткізуге күшіңіз де, энергияңыз да жетіп артылады. Атқарылған жұмысқа басқа қырынан қарап, барлық мәселеге нүкте қойыңыз.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/