Адвокат: Серікжан Біләштің үстінен қозғалған екі қылмыстық істің бірі қысқарды
Шыңжаңдағы қудалаулар туралы айтқаны үшін «қысымға ұшырап» Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеген белсенді Серікжан Біләш үстінен қозғалған екі қылмыстық істің бірі қысқарды.
Бұл туралы Біләштің адвокаты Шынқуат Байжанов хабарлады. Ол бір күн бұрын Facebook желісінде «Әлеуметтік алауыздық қоздыру» бабы бойынша қозғалған істің тоқтатылғаны жайлы Алматы қалалық полиция департаментінен келген жауапты жариялады.
Бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында Серікжан Біләш 2020 жылы өзінің үстінен екі қылмыстық іс қозғалғандығын («Әлеуметтік алауыздық қоздыру», 174-бап және «Өзінше билік ету», 389-бап) айтқан болатын.
Алматы қалалық полиция төрағасының орынбасары Р. Әбдірахмановтың қолы қойылған хатта қылмыстық істің 2020 жылы мамыр айында жүргізілген сот-сараптамасының қорытындысы негізінде қысқартылғаны жазылған.
Адвокат Шынқуат Байжановтың сөзіне қарағанда, бұл іс былтыр көктемде Біләштің жиындардың бірінде «Көк дамбалдың желбірегені» деген тіркесті қолданғаны үшін ашылған.
«Қытай қазақтары арасында «Көк дамбал» деген әзіл өлең танымал. Авторы Құранбай Байжиен. Серікжан Біләш Қытай қазақтарына қарата осы өлеңді меңзеп «Көк дамбалдың желбірегені» деген тіркесті қолданған. Соның артынша полицияға «көк туды көк дамбалға теңеді» деген арыз түскен. Жаңағы әнді білетіндер Серікжанның сөзін дұрыс түсінген болар еді. Серікжанның сөзіне лингвистикалық сараптама жасаған мамандар алауыздық қоздыратын ештеңе табылмады деген дұрыс қорытынды жасады» дейді адвокат Азаттық тілшісіне.
Полиция жауабында көрсетілген тергеу тобының өкілдері Азаттыққа жауап беруден бас тартты. Полицияның баспасөз қызметі де жауап бермеді.
Шыңжаңдағы қазақтардың қысымға ұшырау мәселесін көтеріп, олардың құқықтарын қорғаумен айналысқан тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” жетекшісі Серікжан Біләш Қазақстанның құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, былтыр қыркүйек айында елден кеткен болатын. Желтоқсан айында Азаттыққа берген сұхбатында «елден кетуіме осы екі қылмыстық істің қозғалуы да түрткі болды» деп мәлімдеген. Ол «құзырлы органдар қылмыстық істерді қысқартып, қудаланбайтынына көзі жеткенде» ғана елге оралатынын айтқан. Бірақ қайда жүрсе де, Шыңжаңдағы қысым жайлы ақпарат таратуын тоқтатпайтынын жеткізген.
Шамамен 20 жыл бұрын Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға көшіп келген Серікжан Біләш 2019 жылы «әлеуметтік алауздық қоздыру» бабы бойынша айыпталып, процессуалдық келісімнен кейін босатылған. Сот оны 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салды. Сот үкімінен кейін Біләш прокурормен келісімге келуге «мәжбүр болғанын» айтқан.
Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.
Былтыр қараша айында БҰҰ-ның жұмыс тобы Серікжан Біләштің ісін қарап, ол заңсыз ұсталған деген шешім шығарған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман «қайта саяси тәрбиелеу» лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды «терроризммен күрес орталығы» деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.