50 миллион теңгеге үй сатып алған шенділер тексеріледі

0

Қазақстанда құны 50 миллион теңгеден асатын үй сатып алған лауазымды қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері тексеріледі. Бұған  дейін заңға сай құны 200 милллион теңгеден  үй сатып алған шенділер мен олардың отбасы мүшелері қосымша тексерілген еді. Өзгеріс енгізілген заң жобасын Мәжілісте қызу талқыланып  жатыр.

Мұның себебін халық қалаулылары шенділердің  заңсыз жолмен табылған қаржысын жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсайтынымен байланыстарады. Тексерістің бұл түрі  лауазымды қызметкерлер санатына мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордағы басшыларға да қатысты. Шенділердің әйелдері мен балалары 50 миллионның үйін алған жағдайда оған жұмсалған ақшаның заңды жолмен келгенін дәлелдеуі керек екен.

Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің нәтижесінде 500-ге тарта лауазымды қызметкердің 58 елдің банктерінде шоты бары анықталған.

Қалталы шенеуніктердің көбі ақшасын Ресей, АҚШ пен Швейцария банктерінде сақтайды екен.

«Ақшамен және басқа мүлікпен жасалатын операциялар бойынша мониторинг жүргізілетін адамдар тізімін Президент бекітеді. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жасайды. Яғни еліміздің шенеуніктері мен олардың туыстары қаржылық мониторинг субъектілерінен тиісті қызметтерді алғаннан кейін, сонымен қатар шетелдік мемлекеттік қызметкерлерге қосымша тексеруден өтеді.

Мұндай тізімге мемлекет және үкімет басшылары, Үкіметтің аға қызметкерлері, сот және әскери қызметкерлер, көрнекті саяси қайраткерлер, сондай-ақ мемлекеттік корпорациялардың басшылары енгізілген. Арасында саяси партиялардың қоғамдық тұлғалары да бар, – дейді Мәжіліс депутаты Сергей Симонов.

Ал олардың жақын туыстарының қатарына «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес, ата-ана, бала, аға-іні, апа-сіңлі, ата, әже, немере кіреді.