5 жасар баланы зорламақ болған: Сәтбаевтағы тәртіпсіздікке қатысты сот үкімі шықты
9 адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 44 адамға 4 жыл және 2 адамға 1,5 жылдан шартты жаза тағайындалды.
Сотталғандардың бәрі өздеріне тағылған айыпты мойындап, прокурор ұсынған жазамен келісті.
Еске сала кетсек, өткен жылғы шілде айының 23-нен 24-не қараған түні Сәтбаев қаласында жаппай тәртіпсіздік орын алған еді. Оған баланың із-түзсіз жоғалуы себеп болды. Кейін бүлдіршін көрші пәтерлердің бірінен табылды. Ашуға мінген тұрғындар баланы ұрлап, зорламақ болған азаматты өздері жазаламақ болып, полиция бөлімін қиратып тастаған болатын. Бірнеше күннен соң педофил тергеу изоляторында асылып қалды.
Динара Мұтыбаева, облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы:
– Іс бойынша 64 жәбірленуші, оның ішінде 14 тұлға, 50 полиция қызметкері. Жалпы келтірілген залал – 25 миллион теңге. Сотталушыларға төмендегі айыптар тағылды: мүлікті бүлдірумен, ғимараттар мен автокөліктерді өртеумен және зорлық-зомбылық жасаумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру. Материалдық залал толық көлемде өтелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.