40 млн теңгеге айтыс: Сәкен Майғазиев басқаратын мекеме дауға қалды

0

Жиһаз жасайтын компания өткізіп жатқан 40 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК АЙТЫС

Бағана осы жерден «Шымкентте Наурыз мерекесіне орай айтыс өтіп жатыр» дегенді көзім шалып қалды. Бүгін басталып, ертең бітеді екен. Шымкент Қаласы Мәдениет Басқармасы парақшасындағы ақпаратқа қарағанда, айтысқа 16 ақын қатысып жатыр.
Екі күнге созылатын бұл шараға бюджеттен қанша қаржы бөлінді деп ойлайсыз? Осы сұрақ қызықтырып, жауабын мемлекеттік сатып алу порталынан іздеп көрдім. Тапқаным мынау:

Әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйі осы айтысты өткізу үшін «Quraq Group» ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан. Құны 40 миллион теңге. Келісім шартқа Майғазиевтың өзі қол қойған. Тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі бойынша өткен. Яғни Майғазиев басқаратын мекеме айтыс өткізу үшін порталда ешқандай хабарландыру жарияламаған, тапсырысты орындаушы ретінде бірден «Quraq Group» компаниясын таңдап алған.

Майғазиев басқаратын мекеменің мейіріміне бөленіп, 16 ақынды екі күн айтыстырып, 40 млн теңгеге қарық болғалы тұрған «Quraq Group» деген қандай компания деп отырған шығарсыз?) Ендеше келесі азат жолдағы ақпарат сол компания жайлы:
Былтыр 8 шілде күні ресми тіркелген. Бастығы — 27 жастағы Сағынтаев Бақдәулет Батырханұлы деген азамат. Компания Шымкент қаласында тіркелген. Статистика комитетінің сайтында бұл компания жиһаз жасаумен айналысады деп тұр. Осы уақытқа дейін мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Бұл аталған компанияның ресми тіркелгеніне 9 айға жуық уақыт өтсе де, әлі жұмыс істемегенін білдіреді. Осы жерде Сәкен Майғазиевке сұрақ: Жиһаз жасаумен айналысатын әрі бұған дейін ешқандай жұмыс істемеген компанияға айтыс өткізуді қалай сеніп тапсырдыңыздар? Бұл компанияны таңдарда не нәрсені негізге алдыңыздар?

Айтпақшы, 16 ақын қатысатын, жүлде қоры шамамен 6 млн теңгені құрайтын айтыс үшін 40 млн теңге көп емес пе? Қалай ойлайсыздар?

Менің ойымша, өте көп. Олай деуіме толық негіз бар. Өйткені 26 ақпанда Таразда айтыс өтіпті. Оны ұйымдастырған Жамбыл облысының мәдениет басқармасына қарасты «Облыстық халық шығармашылығы орталығы» деген мекеме айтысты өткізу үшін бюджеттен шамамен 4 млн теңге жұмсапты (портал бойынша тексердім). Ал ол айтыстың жүлде қоры 7,2 млн теңгені құраған (бұл ақша қай жақтан бөлінгенін таппадым, бірақ ютубта айтыскерлерге жүлде тапсыру рәсімі бар екен. Сол жерден есептеп шықтым). Сонда Тараздағы айтысқа барлығы 11,2 млн теңге жұмсалып тұр. Жарайды, қазылық жасаған 7 адамға және айтысты жүргізген Жүрсін Ерманға шамамен 2 млн теңгедей гонорар берілді делік. Сонда барлығы 13,2 млн теңге болады. Жан-жақтан келген ақындар мен қазылардың жолкүресін төлеп берді десек те, барлығы 15 млн теңге жұмсалған болып тұр. Бұл — бір ай бұрын ғана Таразда өткен айтыстың шығыны. Шымкентте өтіп жатқан айтыс 2 күнге созылатындықтан, шығыны көп болуы мүмкін. Сондықтан тағы 5 млн теңге қосып, 20 млн жұмсалады десе де, құлаққа қонымды болар ма еді?) Айтпақшы, Тараздағы айтысқа 22 ақын қатысқан, ал Шымкенттегіде — 16 ақын.

P.S. Айтысқа 40 млн теңге бөлінгенін ақындар да, қазылар да білмейтін шығар. Ертең Шымкенттегі «Түркістан» сарайында айтыстың финалы өтеді екен. Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан, Шұғайып Сезімхан, Казырет Бердихан, Қажымұхан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов, Рауан Кайдаров, Бауыржан Ширмединұлы және т.б айтыста «елім» деп еңірейтін ақындар қатысып жатыр екен. Финалға шыққан шайырлар осы мәселені қозғап, Shyńǵys Muqanнан, Сәкен Майғазиевтен 40 млн теңгенің есебін сұрайды деп үміттенемін. Бауыржан аға, сіз де үнсіз қалмассыз…

Мият Кәшібай, Facebook парақшасынан