21 жасқа толмаған қазақстандықтарға темекі сатып алуға тыйым салынады 

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Кодекске сәйкес, темекі өнімін өндірушілер мен импорттаушылар өнімдегі никотиннің құрамы бойынша жыл сайын зертханалық зерттеу жүргізуге және зерттеу нәтижелері туралы есепті өкілетті органға ұсынуға міндеттеледі

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Қазақстанда 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі сатып алуға тыйым салынады. Мәжіліс жас шектеуін 18-ден 21-ге дейін жоғарылататын норманы мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мұндай норма халық денсаулығы туралы кодекс жобасында жазылған. 

Мәжілісмен Зәуреш Аманжолова қоғам мен депутаттар арасында темекі тартуға қатысты шектеулер қызу талқыланғанын атап өтті. 

«Депутаттардың түзетулерімен темекі сатып алу үшін жас шектеуі 18-ден 21 жасқа дейін жоғарылады», – деді депутат. 

Сонымен қатар, кодекске сәйкес, темекі өнімін өндірушілер мен импорттаушылар өнімдегі никотиннің құрамы бойынша жыл сайын зертханалық зерттеу жүргізуге және зерттеу нәтижелері туралы есепті өкілетті органға ұсынуға міндеттеледі. 

Бұдан бөлек, 21 жасқа толмағандарға темекі және темекі өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 

Бірінші рет заң бұзғаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін (41 670 теңгеден 277 800 теңгеге дейін), ал заң бұзушылық қайталанса, онда 30-дан 200 АЕК-ке (83 340 теңгеден 555 600 теңгеге дейін) дейін айыппұл салынады. 

Ал темекі және темекі өнімдерін сату жөніндегі заңнама талаптарын, оларды белгіленбеген орындарда тұтынуға салынған тыйымды бұзғаны, заңсыз жарнамалағаны үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 30-50%-ға ұлғайтылды. 

Сонымен бірге, автокөлікте балалар отырған кезде шылым шеккені үшін 10-нан 20 АЕК (27 780 теңгеден 55 560 теңгеге дейін) дейін айыппұл көзделген.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз