Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлері құрмет-қошеметтің астында қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлері құрмет-қошеметтің астында қалды. Жеңістің 75 жылдығында гүл толы құшақтар мен құттықтаулар ардагерлердің үйлерін бетке алған. Алматыдағы аудан әкімдіктері де сый-сияпаттарын арқалап соғыс ардагерлерін құттықтауға асықты. Ал мұндай құрметке қуанған ақсақалдар бата-тілектерін аямады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов 95 жастағы Бексұлтан Аманғалиевтың шаңырағына құттықтаумен кіргенде ардагер ерекше қуанды. Ақсақал жыл сайын жеңіс мерекесін асыға күтеді. 18 жасқа толмай 1943 жылы майданға аттанған Бексұлтан ата танкі айдап, Берлинге де барыпты. Бірнеше рет ауыр жараланған, қазір көзінің көруі нашарлады деп қамығып отыр. Құттықтай келгендерге батасын аямады.

«Бәріңізге де бақыт тілеймін, бәріңізге дүниеде ең жақсы не бар, соны тілеймін», — деп батасын берді ардагер.

Бексұлтан атаның көршісі Владимир Белозеров майдангер құрдасым соңғы уақытта үйінен шықпайды деп мұңайып отыр. Екеуі күн ұзақ шахмат ойнаған екен. Әкімдіктің құттықтауына ардагер балаша қуанып қалды.

«Мен сіздердің көңілдеріңізге ризамын, бұндай жағдай жиі бола бермейді ғой, Жеңіс күні күнделікті болмайды», — деп ардагер өз лебізін білдірді.

Ал, Алатау ауданында тұратын Жұмаділ ақсақал да Алматы әкімдігінің жылы лебізі мен сый-сияпатына дән риза. Аудан әкімдігі қап-қап азық-түлік пен қорап толы заттарды ала келіпті. 97 жастағы ардагер әлі ширақ. 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеген Жұмаділ атаның 19 немересі, 32 шөбересі бар. Майдангер соғыс жылдарында жүріп өткен жолдарын жиі еске алады.

«1943 жылдың март айынан бастап, мына Ленинград-Волго фронтына қатыстым, Брянский фронтына қатыстым, Украин фронтында болдым», — деп өзінің естеліктерімен бөлісті.

Осылайша Алматы әкімдігі барлық ардагерді мереке кезінде тағы бір ардақтады. Алматы қаласында 200-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Оларға биыл жеңістің 75 жылдығында 1 миллион теңгеден ақшалай жәрдемақы берілді. 

stan.kz