«18 млн қарызым болды»: Танымал блогер басынан өткен қиындықтарын айтты

0
1207

Жастар арасында аса танымал блогер Дархан Жолшыбеков басынан өткен жағдайды баяндады. Желі жұлдызы отбасын құрмай тұрып, ақшаны оңды-солды жаратып келгенін мойындады. Ол тек шаңырақ көтергеннен соң, қаржыны дұрыс жұмсауды үйренген. Оған бұл тұрғыда келіншегі көмектескен. Блогер үйленген кезде 18 миллион теңге қарызы болғанын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дархан Жолшыбеков ірі сомадағы қарызынан үш ай ішінде құтылған. Алайда бұл жағдайды қарызын жауып болған соң ғана әйеліне айтқан. Желі жұлдызы бұл туралы НТК арнасындағы «Taboo» бағдарламасында баяндады. «Мен өз аудиторияма ашықпын. Қиындықтарымды бөлісетін кездер болады. Мысалы мен қарызым болса айтамын. Мына көлікті қарызға алғанмын, несиеге деп айтамын. Бірақ дәл төлеген сәтте айтады екенмін. Міне төлеп, қуанып жүрмін деп бөлісемін. Қазір шүкір ондай қарыздың бәрі төленді. Үйленгеннен бастап бүкіл проблемам шешімін тапты. Материалдық жағдайымда да береке бола бастады. Үйленбей тұрып ақшаға қарамай жаратасың. Қарызың болып тұрса да, жұмсап жібересің. Сондай болып жүрдік. Сосын үйленгеннен кейін әйелім екеуміз отырып, бәрін есептедік. Мен үйленген кезде 18 миллион қарызым болды. Оны келіншегім білмейтін. Айтпай жүре бердім. Бір ірі жобаны аяқтап, ақша тапсам, әйелім «мынаны жасайық, ананы жасайық» деп шығады. Ал менде ақша жоқ. Одан жасырып жүрдім. Қалай түсіндірерімді де білмедім. Соңында 2-3 айдан кейін айттым. Оны жауып болған соң, тағы бір көлігім несиеде деп едім, қатты күлді. Өйткені үйленген кезде бизнесім, төрт көлігім болды. Ол мені бай деп ойлады. Әйелім өте қаржылай сауатты адам. Барлығын отырып жазып, маған көрсетті. Мына ақшаны мына қарызға жабасың. Сосын алты айда үй аламыз деп бәрін жазды. Соңында ол уақыттан да ерте мақсатымызға жеттік» — деп ағынан жарылды блогер.