15 жастағы шопан бала: Ауылда тек колхоздар тұрады деген жаңсақ пікірді жойғым келеді

0

TikTok жұлдызына айналған 15 жастағы шопан бала танымал болуға еш уақытта ұмтылмаған. Екі миллион жазылушысы бар Авдидің (Тиктоктағы лақап аты — ред.) мақсаты тек ауыл өмірін, күнделікті тіршілігін көрсету болыпты. Көпбалалы отбасынан шыққан Әбдіқадір Наурызбек Stan.kz тілшісіне TikTok арқылы қалай танымал болғанын және одан ақша табуға болатыны туралы сұхбат барысында айтып берді.

—    Әбдіқадыр, осылай бір күнде танымал болып кетемін деп ойладың ба? 

—    Жоқ, мүлдем ойлаған емеспін. Оқырмандарыма әлеуметтік желі арқылы ауылдың күнделікті тіршілігін көрсеткім келген. Мен бірден танымал болып кеткен жоқпын. TikTok-ты дамытуға бір жарым жыл уақытым кетті. Күнде видео салып отырдым. Бір күнді бос қалдырған емеспін.

—    Екі миллион оқырманды қалай жинадың? 

—    Шынымды айтсам, оқырмандар қалай жиналғанын өзім де білмеймін. Мен де басында әшейін TikTok видеоларын түсіріп жүрдім. Бірақ оған адамдар онша назар аудара қоймайтын. Содан ауыл көрінісін көрсетіп видео түсірейін деген ой келді. Ауылда TikTok дамытуды мақсат етіп қойдым. Содан бірде әкемнің қасына тауға малға, шаруашылыққа көмектесуге барып қалдым. Сол кезде жұмыс арасында видео да түсіріп жүрдім. Бірақ алғашқы видеоларымды оқырманның көпшілігі  жақтыра қоймады. «Колхоз», «ауылбай», «дым көрмеген» деген сияқты жағымсыз пікір жазушылар көбейіп кетті. Танымайтын кісілерден мұндай сөздерді есту біртүрлі екен. Іштей біраз ренжіп қалдым. Бірақ ауыл көрінісін ары қарай көрсеткім келді. Сол үшін жаңағыдай пікірлерге аса назар аудармауға тырыстым. Тек еңбектену керек екенін ойладым.

—    Жалпы TikTokқа қандай мақсатпен тіркелген едің, танымал болу үшін бе? 

—    Нағыз ауылды көрсеткім келді. Ауыл үшін бір жаңа нәрсе болсын деп ойладым. TikTok арқылы еліміздің кішкентай ғана ауылын әлемге танытқым келді. Мен сияқты жәй шопан адам да TikTok қолдана білетінін және өзін дамыта алатынын дәлелдеймін. «Ауылда бәрі жаман, ешкім дамымайды, цивилизация жоқ» деп қалыптасып қалған стереотипті көп ұзамай бұзатын боламын.

—    Ата-әжеңнің TikTokқа қызығушылығын да қатардағы нәрсе деп атауға болмайды. Ол кісілер TikTok түсіріп бақтарын сынағысы келмей ме?

—    Иә, ата-әжем заманауи кісілер. TikTokта видеолар тамашалағанды ұнатады. Бірақ өздерін түсіру, оқырман жинау ойларында жоқ. Қазір ол кісілер маған қолдау көрсетіп, ары қарай да дами түс деп тілектерін айтуда.

—    Видеоларды не себептен орыс тілінде түсіресің. Акцентпен айттың дегендер бола ма?
—    Әрине, «орыс тілімді» сынайтындар бар. Бірақ оған еш көңілімді түсірмеймін. Бос нәрсеге уақытымды кетіргім келмейді. Орыс тілі дүниежүзі бойынша қолданыстағы тілдердің бірі. Осы мүмкіндікті қолдана отырып ТМД құрамында болған елдердің Қазақстан туралы білгендерін қалаймын. Олар Қазақстан деген мемлекеттің барын білсін. Ауылда тек колхоздар тұрады деген жаңсақ пікірді жойғым келеді. Менің мақсатым осы.

—    Жалпы ресейдің көрермендері не үшін қарайды деп ойлайсың? Оларға мал бағудан гөрі сенің жеке бір қасиеттерің қызық шығар? Олар сенің парақшаңнан не ала алады?

—    Өміріме қызыққандар парақшама тіркеліп қарайды, ал қызықпағаны ақырын шығып кете береді. Мен желіде өз өмірімді түсіремін.  Ешқандай образ жоқ. Ауылдың табиғатын көрсетемін, мүмкін сол қызық болған шығар. Әйтпесе аса бір талантым да жоқ. Видеоларымнан бір әдемі нәрсе көріп қалған болу керек.

—    Болашақта өзіңді қай салада көресің? TikTokты ары қарай да тек осы тақырыпта дамытасың ба?

—    Арманым блогер болу. Болашақта осы блогерлікті тастамай, жалғастырғым келеді. Музыканы ұнатамын, сол салаға кетсем деп ойлаймын. Бұйырса, Алматыға келіп жатсам, консерваторияға оқуға тапсырамын. Ал TikTokты ары қарай қандай бағытта жалғастыратыным әзірге белгісіз. Мақсатым – ауылда да жақсы өмір сүруге болатынын көрсету еді. Қазір оқырман саны екі миллион болып тұр. Енді он миллионға жеткізуді көздеп отырмын. Алдағы күндерде де «ауылдың тиктокері» болып қаламын. Бұл контентті бұзбаймын, ары қарай да жалғастырамын.

—    Алматыға оқуға келсең, мал бағуды қайтесің, тастайсың ба?

—    Жоқ, өзіме мал бағу ұнайды. Кейін де бағамын. Шопан болудан ұялмаймын. Кейбір балалар ұялып жатады. Негізінде, бұл ұялатын іс емес қой. Малды көбейтіп, бизнес жасау керек деп ойлаймын. Біз жоспар құра береміз ғой, бәрі бір Алланың қолында.

—    TikTokта танымалдылық келгелі өміріңде не өзгерді? Саған көңіл білдіріп жатқан қыздар көп пе?
—    Бұрын қандай болса, қазір де өмірім сол қалпында. Дегенмен шақырушылар қатары көбейіп кетті. Сұхбаттар беріп жүрмін. Өмірім түбегейлі өзгеріп кететіндей, жұлдыз емеспін. Қарапайым ауылдың баласымын. Хат жазатын қыздар бар. Бірақ қазір көңілімді ол жаққа аударғым келмейді. Өйткені бірінші алға қойған мақсатыма жетіп алуым керек. Барлық арманымды іске асырғаннан кейін ғана үйленемін.

—    «Хабар», «Евразия» сынды еліміздің беделді арналары сұхбат алғанда қандай сезімде болдың?

—    Шынымды айтсам, қатты толқыдым. Алғаш рет экранға шығып отырмын. Бұл нәрсе менде шын болып жатыр ма деген ой болды. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Басында ұялдым. Енді ғана бойым үйреніп келе жатыр.

—    Қазір командаңда қанша адам бар?

—    Әкемнің інісі Мырза ағам екеуміз ғана. Ол кісіге алғысым шексіз. Мені кездесулерге мырза ағам апарып жүр. Ал менеджер әлі жалдаған жоқпыз. Болашақта көреміз.

—    Ата-анаң саған қандай тәрбие берді? Балалық шағын қалай өтті?

—    Балалық шағым жақсы өтіп жатыр. Ешқандай ренішім жоқ. Жалпы тәрбиеммен атам айналысады. Ол кісі маған көп нәрсе үйретті. Тіпті TikTokты жүргізуді де маған атам айтқан.

—    Болашақта жақсы ақша табу, ауқатты азаматтардың қатарына қосылу сені қызықтыра ма?

—    Иә, менің де ауқатты адам болғым келеді. Сондай кісілердің қасында жүріп, біраз нәрселерді үйренсем деймін. Белгілі адамдардың ішінде актер, тележүргізуші, әзілкеш және музыкант Азамат Мұсағалиев сияқты болғым келеді.

—    TikTok саған қанша табыс әкеліп отыр?

—    TikTok  жүргізу өзіме ұнайды. Менің де желі арқылы табыс тапқым келеді. Бірақ қазір ешқандай табыс тауып отырған жоқпын. Өйткені Қазақстанда, Ресей, Қырғызстанда ондай монетизация деген нәрсе әлі қалыптаспады. Жарнама жасауға ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Бірақ әзірге ешқайсысын қабылдамадық. Уақыт аз болып жатыр. Тіпті жарнама қаншадан басталатынын да есептемедік.

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН