Алматыда маскүнем қарт анасын аямай соққыға жығып, зейнетақысын тартып алған

0

Он жыл бұрын күйеуін жерлеп, жалғыз ұлын өзі өсірген алматылық Светлана (кейіпкердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында есімі өзгертілді – ред.) есімді әйел тағдыр тәлкегімен дағдарыс орталығына тап болды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Жан Сая» орталығына ол өзінің туған ұлынан қашып келген. Қанаттыға қақтырмай өсірген ұлы өсе келе кейуанаға қол көтеріп, өз анасын өлтіре жаздаған.

«Баламның араққа құмарлығы оның түбіне жететін шығар. Ол әбден шектен шықты. Арақ алу үшін мені, туған анасын өлтіруге дейін барды. Зейнетақымның барлығы соның арағына кететін. Мен ақша бермесем, қылғындырып, ұрып-соғып, бәрібір зейнетақымды тартып алатын. Талай рет үйден қашып, көршілерімен қонып жүрдім.

Шыны керек, осы жасқа келгенде үміт еткен жалғыз ұлымнан қорлық көремін деп ойлаған емеспін. Әкесінің орнын жоқтатпай, барынша жақсы тәрбие беруге тырыстым. Бірақ арақ кімнің өмірін құртпай жатыр? Арақ тек шыныға ғана сыяды, адамға сыймайды», – дейді ол.

Светлана көршілерінің нұсқауымен Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталыққа келеді. Мұндағы мамандар ең алдымен оның психо-эмоционалдық жағдайын қалыпқа келтірді. Өмірден әбден күдер үзген әйелдің бой түзеуіне, жан жағына үмітпен қарауына көмектесті.

Дағдарыс орталығынан кетерде Светлананың айтқан сөзі көпшілікті елжіретті. Ол қарттық шаққа қадам басқанда отбасынсыз, үйсіз-күйсіз және жалғыз ұлының қолдауынсыз қалса да, өлім туралы ойламайтынын, тек жақсылыққа ұмтылатынын жеткізген.