13 жастағы қызға шабуыл жасаған жас жігіт ұсталды

0

Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр

АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Астана қаласында 13 жастағы қызға шабуыл жасады деген күдікпен жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Астана қаласының полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова оқиға елорданың сол жағалауында тоғыз қабатты тұрғын үйлердің бірінде болғанын айтып, жасөспірімге шабуыл жасаған 19 жастағы жігіт екенін растады.

«11 наурызда сағат шамамен 22:00-де бақылау камераларының көмегімен күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», — деді ол.

Сондай-ақ полиция департаменті өкілі күдікті педофил деген мәліметке қатысты пікір білдірді.

«Педофил деп айтып жатыр. Біз күдіктіні ұстадық, қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондықтан тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат бере алмаймын», — деді София Қылышбекова.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Еуразия 1» телеарнасы хабарлағандай, Астана аудандарының бірінде оқушы қыз дүкеннен шыққан соң, бейтаныс адам оның соңынан еріп, подъезге дейін кіреді. Бірінші және екінші қабат арасындағы баспалдақта педофил 13 жастағы қызға шабуыл жасапты.

Қатты қорыққан оқушы айғайлап, жігіттің қолынан сытылып қашып кеткен. Әкесі күдіктінің соңынан қуып, ұстай алмай, полицияға хабар берген көрінеді.



sputniknews.kz