1 қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы өседі – Аймағамбетов

0

Қыркүйек айынан бастап тәлімгерлікке ақша қосылады. Сондай-ақ, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін ақы екі есеге өседі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біріншіден, қыркүйек айынан бастап тәлімгерлікке ақша қосылады. Екіншіден, сынып жетекшісіне төленетін ақы екі есеге өседі. Одан кейін дәптер тексергені үшін де бұрынғыдан екі есе көп ақша алады. Бұдан бөлек, магистрлік дәрежесіне 27 мың теңге беріледі», – деді Аймағамбетов Kun.kz бағдарламасында.

Ал жаңа жылдан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы тағы 25 процентке көбейеді.

Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кезекші топтарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы қалай көтерілетінін түсіндірген болатын. Оның айтуынша, бұрын бастауыш сыныптардың мұғалімдері жүктеменің аздығына шағымданатын. Себебі типтік жоспар бойынша 1-сыныптарда 24 сағаттық жүктеме болса да, ағылшын тілі, дене шынықтыру сияқты сабақтарды басқа мұғалімдер өткізеді. Сонда бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесі 15-16 сағатқа дейін азайып, «бір ставкаға» да жетпейтін.

Биыл кезекші сыныптарда бір топта тек 15 оқушы ғана білім алады. Ондайда мұғалім жүктемесі артады, жалақысы да өседі. Мәселен, бұрын бір сыныпта 30 оқушы болса, кезекші сыныптарда 15 бала болады. Демек, бір сыныпты екі топқа бөлуге тура келіп, мұғалімнің жүктемесі артады. Сол үшін қосымша ақы төленеді. Жеке жүктемесі 28 сағатқа жетсе, сол уақыттың еңбекақысын алады. Бірақ бұл үстемеақы емес. Тарификация бойынша төленетін жалақы болып саналады.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз